Жаңалықтар

Астанаға ерекше құрама аттанады

24-қыр-08

24 қыркүйек күні «Алматы-Астана» бағытындағы пойызбен Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессорлары мен студенттері Астанадағы Еуразиялық ұлттық университетіне қарай аттанады.

25-26 қыркүйек күндері Астанада Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Л.Н. Гумилев атындағы Еуразиялық ұлттық университетіндегі күндері өтеді. Астананың 10 жылдық мерейтойы аясындағы бұл шараның еліміздің екі маңдайалды университетінің профессорлары мен студенттер қауымы үшін маңызы зор. ҚазҰУ-дың айтулы 20 профессоры Астананың бас университетінің аудиторияларында дәріс оқиды. Ал кешке қарай астаналықтарға арнап Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың «Фараби сазы» халық аспаптар оркестрі концерт қойып, «ҚазҰУ қалашығы» атты КВН командасы мен студенттердің басқа да шығармашылық топтары үздік қойылымдарын тарту етеді. Бұдан өзге Еуразиялық ұлттық университетте Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ғалымдарының ғылыми еңбектерінен көрме ұйымдастырылып, 200-ден астам кітаптар сыйға  тартылады.

Екі университеттің ғалымдары мен студенттері үшін бұл елеулі оқиға. Қазақстанның екі жетекші жоғары оқу орындары ректорларының бастамасымен өткелі отырған «Университет күндері» болашақта Қазақстан жоғары оқу орындарының жаңа тарихындағы дәстүрге айналуы мүмкін. 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың үздік профессорлары мен өнерлі студенттерінен құралған делегация ерекше көңіл-күймен, сырнайлатып, кернейлетіп аттанбақшы. 70 адамнан тұратын делегация құрамында - оқытушылар мен студенттер, КВН құрама командасы, оркестр музыканттары, Студенттер клубының би-хореографиялық және вокал тобы бар.

 

Оқиға орны мен уақыты: Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ делегациясы Алматы-2 теміржол вокзалынан («Алматы-Астана», № 9, 10 вагондар) 2008 жылдың 24 қыркүйегінде, сағат 11.30-да аттанады.

 

ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі (247-05-67)