- Негізгі бет
- Жаңалықтар
Ұлттық университетте тілдер фестивалі өтті
24.09.200818 қыркүйек күні Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Қазақстан халықтарының тілдері мерекесіне орай «Тіл - достық пен татулықтың тірегі» атты фестиваль өтті.
Фестиваль аясында мемлекеттік тілмен қатар шет тілдерін жетік меңгерген әр факультеттің студенттері арасында байқау ұйымдастырылды. Байқау шарты бойынша сахнаға шыққан студент кемінде үш тілде өзін-өзі таныстыруы, өнер көрсетуі, еркін тақырыпта эссе жазуы, көркем аударма жасауы қажет. Құрамында қазақ, ағылшын, түрік, т.б. тілдерінің мамандары бар қазылар алқасы әр студентті қабілет-қарымына, тілді меңгеру деңгейіне, сахнада өзін-өзі ұстап, ойын еркін жеткізе білу деңгейіне қарай жеңімпаздарды анықтады.
- Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің 2009-2011 жылдарға арналған даму Стратегиясында мемлекеттік тілмен қатар бірнеше шет тілдерін меңгерген бәсекеге қабілетті мамандар дайындауға басты мән берілген. Осы орайда бұл фестиваль студенттердің аудиторияда үйренген білімдерін іс жүзінде көрсетуге, бір-бірімен өздері қалаған тілде араласуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар университетте тілдік орта қалыптастыру үшін ағылшын, француз, орыс тілдерінің клубтары жұмыс істей бастады. Бұдан басқа жекелеген факультеттерде қытай, жапон, түрік, корей, парсы, араб, т.б. тілдерін үйрететін кафедралар мен орталықтар бар. Бүгінгі байқауға қатысушылардың барлығының да жеңіс тұғырынан көрінулеріне тілектеспін,- деді мерекені алғысөзбен ашқан Тіл және тәрбие жұмысы жөніндегі проректор Ш.А. Әмірбеков.
Сонымен қатар фестивальға жиналғандар алдында Алматы қалалық әкімшілігі жанындағы «Тіл» оқу-әдістемелік орталығының ақпарат бөлімінің бастығы Меруерт Әбілдаева сөз сөйлеп, барлық факультетке мемлекеттік тілдегі кітаптар жинағын тарту етті.
Тіл сайысы тартысты өтті. Заман талабына сай мемлекеттік тілден өзге төрт-бес тіл меңгерген әр ұлт өкілдері өз шеберліктерін жан-жақты көрсете білді. Ағылшын тілінде ән салып, түрік тілінде өлең оқып, француз тілінен көркем аударма жасаған жас өрендер тіл жарыстырудан алдарына жан салмады. Оның қорытындысы бойынша 1-орынды шығыстану факультетінің 2 - курс студенті Айжан Темірбаева, 2-орынды механика-математика факультетінің 2-курс студенті Сардор Тлямов, 3-орынды филология факультетінің 3-курс студенті Венера Нұржанова иеленді.
Фестивальда алғашқы орынды иеленген Темірбаева Айжан: «Мемлекеттік тілден өзге шет тілдерін меңгеру бүгінгі күні қажеттілікке айналды. Ағылшын тілін білу арқылы біз білім саласындағы әлемдік ақпаратқа қол жеткізе аламыз, шет елдің жастарымен емін-еркін араласуға мүмкіндік туады десе, 5 тілде еркін сөйлейтін халықаралық қатынастар факультетінің студенті Милана Құрбанова: «Студенттер арасында мұндай тіл байқауының маңызы өте зор. Біз тілдік шеберліктерімізді шыңдап, бір-бірімізбен сол тілде араласу арқылы білімімізді жетілдіреміз. Әр факультеттің студенттерімен жақынырақ араласып, келешекте тілдік байланыстарымызды нығайта түсеміз,- деген өз ойын жеткізді.
Заман талабынан, студенттердің қызығушылығы мен қажеттілігінен туған, әр түрлі ұлт өкілдерінің басын қосатын Тілдер фестивалі Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да жыл сайын ұйымдастырылып, студент-жастардың дәстүрлі мерекесіне айналмақшы.
ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі (247-05-67)