- Негізгі бет
- Жаңалықтар
ҚазҰУ-дың биотехнология саласын дамыту жолдары талқыланды
17.01.2011Кезекті әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дыңРекторат мәжілісінде бірқатар маңызды мәселелер талқыланды. Оның ішінде Биология және биотехнология мәселелері ғылыми-зерттеу институтының жұмыс туралы баяндаманы институт директоры Амангелді Бисенбаев жасап, ой бөлісуде ҚазҰУ-ды Ұлттық зерттеу университетіне айналдыру барысындағы ҒЗИ жұмыстарының бағыттары кеңінен қарастырылды.
Деректерге сүйенсек,Биология және биотехнология мәселелері ғылыми-зерттеу институты 1993 жылы биология факультетінің базасында құрылған. Негізінде институт ауыл шаруашылығы мамандарының біліктілігін арттыруға және осы сала бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстарын дамытуға бағытталған. Мекеменің құрамында 16 ғылыми сала бойынша 12зертхана жұмыс істейді. Институтта барлығы 136 қызметкер жұмыс істейді, оныңқұрамында 16 б.ғ.д., 38 б.ғ.к.,6 PhD докторант бар. 2010 жылда ҒЗИ қызметкерлерінің 226 ғылыми жарияланымы жарық көрген, оның ішінде 4 монография, халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциялар негізінде 130-дан астам ақпарат материалы, шетелдік басылымға 22жарияланым басылған. Ал оның 11-і рейтингтік журналдарда жарияланған еңбектер.
Биотехнологияны дамытуда көптеген ғылыми жаңалықтар ашылған. Мәселен, биоқұралдар мен дәнді-дақылдардың жаңа түрлері шығарылып, институт қызметкерлері бидайдың біраз түрін өсіріп шығарған. Оларға "мирас", "үміт", "көкбидай", "қарашаш" деген атаулар берілді.
Жасалған баяндама негізінде ҚазҰУ ректоры Ғалымқайыр Мұтановашылған жаңалықтарды патенттеу, лицензиялаумәселелерін күн тәртібіне шығарды. Алдағы уақытта отандық биотехнология саласын әлемдік деңгейге көтеру мақсатында іс-шаралар қолға алыну керектігін атап өтті. Ректор "Біз Ұлттық зерттеу университетіне айналу бағытында жұмыс істеп жатырмыз. Осы бағытта қай салада болмасын патент иелену, жобаларымызды лицензиялау жағына қарай көптеп ойысуымыз керек. Оны тек республикалық деңгейде ғана емес, халықаралық деңгейде жүзеге асыруымыз қажет" деген тың бастама көтерді.
Биология және биотехнология мәселелері ғылыми-зерттеу институты 2008 жылдан бері 9 патентке ие болған. Былтырдың өзінде 3 патентті иеленіп,жобаларын мақсатты түрде қорғап шыққан.
ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі