Жаңалықтар

Қазұу кафедрасының екі филиалы ашылды

21-жел-19

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Журналистика факультетінің Баспагерлік-редакторлық және дизайнерлік өнер кафедрасы «Қазақ энциклопедиясы» баспасында және Ұлттық кітап палатасында өзінің филиалдарын ашты.

Журналистика факультетінің деканы Сағатбек Медеубекұлы бастаған оқытушылар қауымы "Қазақ энциклопедиясы" баспасына барып, екіжақты келісімшартқа қол қойды. Филиалдың директоры болып "Қазақ энциклопедиясы" баспасының директоры Жадыра Тойбаева тағайындалды. Кафедраның филиалдарын ашудағы мақсаты – студенттердің теориялық білімін тәжірибемен ұштастыру, жас ұрпақтың білікті маман болып қалыптасуына жол ашу. Білікті редакторларды, сауатты корректорларды, шебер беттеушілерді университет қабырғасынан дайындап шығару. Сонымен қатар, бұл бас қосуда баспа ісінің өзекті мәселелері талқыға салынды.

Сонымен бірге, келесі күні Журналистика факультетіндегі Баспагерлік-редакторлық және дизайнерлік өнер кафедрасының ҚР Ұлттық кітап палатасынан тағы бір филиалы ашылды. Филиалдың ашылу салтанатында ақын Алмас Ахметбек «Көк тудың желбірегені» атты өлеңін оқып, жиналған жұртты бір серпіндіріп тастады. Содан кейін ҚР Ұлттық кітап палатасының директоры Әділ Қойтанов пен әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың журналистика факультетінің деканы Сағатбек Медеубекұлы екіжақты келісімшартқа қол қойды. Тәуелсіздік мейрамымен тұспа-тұс келген филиалдың ашылу рәсімін ҚР Ұлттық кітап палатасы ұжымы ұлттық рәміздерді ұлықтаудан бастады.

www.kaznu.kz