Жаңалықтар

Француздармен бірлесе отырып ғылыми жобаларды жүзеге асыратын боламыз

21.01.2011

Жуырда ҚазҰУ-ға Францияның өкілдері келіп қайтқан болатын. Франция сенаторы Эмери Де Монтескью бастап келген бір топ өкілдердің құрамында жалпы технополис жобалары жөніндегі үйлестіруші, сенатордың кеңесшісі Эрве Лэне, жоғары білім беру саласы жөніндегі кеңесшісі Робер Просперини, үздіксіз білім беру жөніндегі Еуропалық орталықтың президенті Франсуа Ваше, Қазақстандағы Франция елшілігінің мәдениет және қарым-қатынас жөніндегі кеңесшісінің орынбасары Йоан Шиттерер, университет аралық қарым-қатынасты орнату жөніндегі атташесі Ноэми Ларуй, ауылшаруашылық өнімдер жөніндегі атташесі Жәнібек Өтегенов бар. Қонақтарды ҚазҰУ-дың бірінші проректоры Мұхамбетқали Бүркітбаев қарсы алды.

Бас қосуда техника мен технология саласындағы қарым-қатынасты нығайту, әрі дамыту жолдары талқыланды. ҚазҰУ және Францияның білім және ғылым саласындағы қарым-қатынасы бұрыннан бері жалғасын тауып келеді. Университетте жыл сайын француз өкілдері оқу бағдарламаларының тұсаукесерлері мен семинарларын өткізеді. Франция Қазақстанның инновациялық және трансфертті технологияларын дамытуға үлес қосып жүрген демеуші мемлекеттердің бірі.

2009-2010 жылдар аралығында Қазақстандағы Франция Елшілігінің демеушілігімен «Гео-Энергетика» ғылыми-білім беру орталығы құрылды. Орталық энергетикалық ресурстар: мұнай, уран, гео-энергоресурстар, сирек кездесетін элементтерді өндіру және зерттеу жұмыстарымен айналысады.

Жобаның басты мақсаты отандық және әлем нарығында жоғары білікті мамандарды дайындап шығару болып табылады. Сенатор Эмери Де Монтескью гео-энергетика саласының білікті маманы болғандықтан бұл жобаға ерекше көңіл бөліп отыр.

Екі жақ та бірлескен ғылыми жобалардың жемісті нәтижелер беретіндігіне сенім артады.

Халықаралық ынтымақтастық департаменті