Жаңалықтар

ЮНЕСКО кафедрасының қызметі хақында

24.01.2011

Бүгін әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің кезекті ректорат мәжілісінде журналистика факультетінің ЮНЕСКО кафедрасының қызметі жөнінде Ләйлә Сейсенбекова баяндама жасады.

ЮНЕСКО кафедрасы 1996 жылы ҚазҰУ-да құрылған болатын. Бүгінгі таңда ол ЮНИТВИН халықаралық желісінің мүшесі. ЮНИТВИН – әлемнің жетекші университеттерін байланыстырушы желі. 1992 жылы ЮНЕСКО Бас конференциясының 26-сессиясында қабылданған шешім бойынша жұмыс істей бастады. Қазір бағдарлама аясында 692 ЮНЕСКО кафедрасы және 68 ЮНИТВИН желісі ашылған. Желіге 128 мемлекеттің 810 мекемесі қатысады. ТМД елдерінде ЮНЕСКО кафедрасы Қазақстан мен Ресейде ғана ашылған. Ресейдегі М.В. Ломоносов атындағы ММУ-да ашылған кафедра Еуропа кеңістігіне, ал Қазақстандағы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да қызмет көрсететін кафедра Азия кеңістігіне жауап береді.

ҚазҰУ-дың журналистика факультетінде жұмыс істейтін ЮНЕСКО кафедрасы Орта Азия құрлығы бойынша ашылған тұңғыш, әрі жалғыз кафедра. Ол журналистика мен байланыс саласын жан-жақты зерттеп, ілгері дамуына жаңа мүмкіндіктер ашады. Ақпараттандыру, инновацияландыру, журналистикадағы халықаралық стандарттарды енгізу, ЮНЕСКО және ИСЕСКО жөніндегі ҚР Ұлттық комиссиясының жұмысына қатысу қызметтерін атқарады. Кафедраның күнделікті жаңалықтары www.unesco-kaznu.ucoz.kz сайтында жарияланып тұрады. Ақпараттар үш тілде – қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде беріледі. 2010 жылы 14 видеожазба, 1 деректі фильм, 300-дей мақала жарық көрген. Кафедра университет қызметінің ғылыми, қоғамдық және білім саласын дамытуда белсенді қатысып отырады.

Университет басшылығы кафедра жұмысын қолдай отырып, алдағы уақытта оны жетілдіру жолдарын қарастыру керектігін айтты.

ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі