Жаңалықтар

Мәдениет саласында ҚР Тұңғыш Президентінің стипендиясы табысталды

29.01.2020

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаев «Әл-Фараби» орталығында мәдениет саласы бойынша ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасының 2019 жылғы мемлекеттік стипендиясын табыстады.

Биылғы жылы мәдениет саласындағы Тұңғыш Президенттің мемлекеттік стипендиясын тапсыру салтанаты Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдығын тойлауды бастаумен тұспа-тұс келді. Ал салтанатты рәсім Әл-Фараби орталығында өтті.

Жыл сайын тағайындалатын бұл стипендия – мемлекеттің мәдениет және өнер қайраткерлеріне, шығармашылық қызметкерлеріне, жас дарындарға жасаған қолдауы мен қамқорлығының айғағы, сондай-ақ, олардың Қазақстанның мәдениетін өркендетіп, әлемге танытуға қосқан үлестеріне көрсетілген құрмет. 2019 жылы мәдениет саласындағы мемлекеттік стипендиялар Қазақстанның әдебиет пен өнер саласындағы 75 қайраткеріне берілді.

ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасының стипендиясы Әбдіжәміл Нұрпейісов, Қайрат Байбосынов, Жүрсін Ерманов, Меруерт Өтекешева, Александр Гаркавец, Гульвира Разиева және басқа да қазақ әдебиеті мен өнерінің майталмандарына табысталды.

Сонымен қатар Канн халықаралық фестивалінің лауреаты Самал Есләмоваға, актриса Айнұр Рахиповаға, балет әртісі Бақтияр Адамжанға, ақын Қанат Омаровқа, дәстүрлі музыка өнерінің орындаушысы Медығат Манаповқа, кино режиссері Фархат Шәріповке және өзге де жас дарындарға мемлекеттік қолдау көрсетілді.

www.kaznu.kz