Жаңалықтар

Шетелдерде әл-Фарабидің 1150 жылдығына арналған шаралар

30.01.2020

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да Түркия, Грекия және Сирия университеттерінің және халықаралық ұйымдардың өкілдері  бас қосып, Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдық мерейтойына арналған шетелдердегі шараларды ұйымдастыру мәселелерін талқылады.

Шығыстың ұлы ғұламасы әл-Фарабидің 1150 жылдық мерейтойын мерекелеу аясында кең ауқымды шаралар біздің елде ғана емес, шет елдерде өткізу жоспарланған.  Осыған байланысты республикадағы жетекші ЖОО-ны болып табылатын ҚазҰУ-да Түркия премьер-министрінің кеңесшісі, БҰҰ Өркениет Альянсы бойынша Түркия ұлттық үйлестіру комитетінің төрағасы Бекір Қарлыға, Дамаск университетінің президенті Мохаммед Махер Кабакиби, сондай-ақ ҚР Парламентінің Сенаторы Әлімжан Құртаев, сыртқы істер министрлігінің ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі Қайрат Лама Шарифтің қатысуымени кездесу өтті.

ҚазҰУ ректоры, академик Ғалым Мұтанов жоспарланып отырған шетелдердегі мерейтойлық шаралардың маңыздылығын атап, оған халықаралық ұйымдар мен университеттер қолдау көрсететініне сенім білдірді. Әрі қарай Қайрат Лама Шариф қонақтарға әл-Фараби мерейтойы аясында шетелдерде өтетін шаралар жайында баяндап берді.  

Әл-Фараби жылы ҚазҰУ-дан бастау алып, жыл бойына жалғасатын болады. Қазақстан сыртқы істер министрлігі шетелдердегі ондаған елшіліктердің қатысуымен өзінің ішкі жоспарын жасап қойды. Жоспар ауқымды 53 шарадан тұрады. Елшіліктер басқа елдерде 250 астам шара ұйымдастырады, соның ішінде бес Әл-Фарабидің орталығының ашылуы жоспарланған.

«Кешегі әл-Фараби жылының ашылу салтанатынан кейінгі нақты жасалатын қадамдарға келсек, алдымен ұлы оқытушының туған жері Отырардан автокөлікпен шығатын 9 күндік «Әбу Насыр Әл-Фараби ізімен» халықаралық экспедициясын (Қазақстан, Өзбекстан, Түркіменстан, Иран, Ирак, Ливан, Сирия) айтамыз. Ташкентте, Ашхабадта, Иран қалаларында ғылыми конференциялар өткізіледі. Сирия астанасы Дамаскіде ірі форум болады. Дамаск университетіндегі әл-Фарабидің тарихи-мәдени орталығында ҚазҰУ филиалы ашылмақшы. Бұл елдердің барлығы мерейтойлық шараларға дайындалуда. Күзге қарай Қазақстан астанасында «Әл-Фараби және әлемдік өркениет» атты халықаралық форум өткізіледі. Әл-Фараби жылы 18 қарашада Париж қаласында аяқталады» – деп Қайрат Лама Шариф алдағы жоспар туралы толық мәлімет берді.

Әл-Фараби жылын мерекелеу жоспарымен толықтай танысқан шетелдік ғалымдар өз тараптарынан көрсетілетін көмектер туралы ұсыныстарын айтты.

Әл-Фараби Түркияның шығысындағы ежелгі Хара қаласында біраз уақыт өмір сүрген екен. Бұл туралы Түркия премьер-министрінің кеңесшісі, БҰҰ Өркениет Альянсы бойынша Түркия ұлттық үйлестіру комитетінің төрағасы Бекір Қарлыға мәлімдеді және Стамбұл, Анкара қалаларында ғылыми конференция өткізуді ұсынды. Фарабитанушы ғалым Бекір Қарлыға 40 жыл бойы Шығыстың ұлы оқытушысының еңбектерін зерттеумен айналысып жүр. «Әл-Фарабидің көптеген еңбектері әлі де толық ашылған жоқ. Мендегі мәліметтерше ол 150 кітаптың авторы, оның 50-ін таптық, қалғандары тізімде ғана бар. АҚШ Чикаго қаласындағы кітапханада 1930 жылы ашылған әл-Фараби орталығы бар. Мен Екінші Аристотельдің бірқатар тың дүниелерін сол жерден таптым», – деді ол өз сөзінде.

Кездесуге жиналған шетелдік ғалымдар ғұлама әл-Фарабидің мерейтойын жоғары деңгейде өткізу бойынша ұсыныс-кеңестерін ортаға салып, алдағы уақытта осы бағытта бірлесіп жұмыс жасау үшін үнемі байланыста болатынын айтты.

kaznu.kz