- Негізгі бет
- Жаңалықтар
ҚазҰУ-да «ҚАЙЫРЫМДЫ ҚОҒАМ» челленджі іске қосылды
28.01.2020Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ студенттері «ҚАЙЫРЫМДЫ ҚОҒАМ» челленджін іске қосып, үлкен флеш-моб өткізді. ЮНЕСКО қамқоршылығымен 1150 жылдығын бүкіл әлем тойлап жатқан ұлы ойшыл әл-Фараби ескерткішінің алдында әр факультеттен жиыны 5 мыңнан астам студент жиналды.
Бұл теңдесі жоқ жоба ғұлама әл-Фарабидің адамзат үшін ең басты деп санаған құндылықтары: мейірімділік, парасаттылық, адалдық және әділдік туралы еске салу үшін елдегі игі істер эстафетасын іске қосты.
Челленджге кез келген адам қатыса алады. Ол үшін әлеуметтік желілерде қайырымды іс-әрекеттер, қайырымды және ізгі істер туралы пост, фотосуреттер немесе видеоролик жариялау жеткілікті. Челлендждің ұйымдастырушылары эстафетаны жалғастыруды және оны #AlFarabiQQ хэштегімен сүйемелдеуді ұсынады.
«Әл-Фараби «Бақыттың мәні – парасаттылықта, әркімнің өз алдында игілікті мақсат қоя білуінде... адамның өз мінез-құлқын, іс-әрекетін ерікті түрде өзгертіп, игілікке бағыттап отыруында», - деген болатын. Әрбір адамның жақсылық жасауға, өзін және айналасындағыларды бақытты етуге бар күш-жігері жетеді. Егер біз әрқайсымыз өз-өзімізді жетілдіруге және жақсы іс-әрекеттер жасауға ұмтылсақ, баршамыз бірге Қазақстанды қуатты ұлт пен жауапты адамдардан тұратын - табысты, қайырымды елге айналдырамыз», - дейді флеш-мобқа қатысқан екінші курс студенті Хасан Нұрсат.
Жоба жастар арасында волонтерлік қозғалысты дамытуға, әлеуметтік ынтымақтастықты нығайтуға және тек жаһандық ғана емес, сонымен қатар жергілікті қоғамдастық мәселелерін де шешу бойынша бастамашылық топтарды ұйымдастыруға, нақты адамдарға көмек көрсетуге бағытталған. Челлендж медиакеңістікте оң көзқарас көрсетуге және бір-біріне мейірімділік пен жанашырлық таныта отырып, қиын қыстау жағдайға тап болған адамдардың өміріне бей-жай қарамай, бір-біріне көмектесу арқылы, нақты іс-әрекеттер жасаудың маңызды екенін еске түсіруге мүмкіндік береді.