Сауд Арабиясы ҚазҰУ-да ғылыми-технологиялық алқапты құру жобасын жүзеге асыруға қатысады. Бұл жайында келісім қазақстандық жетекші ЖОО ректоры академик Ғалым Мұтановтың Сауд Арабиясы ғылым және инновация министрінің орынбасары Нассер Мұхаммед әл-Акилмен кездесуі кезінде жасалды.
Сапар барысында Сауд Арабиясының ғылым және инновация министрінің орынбасары ҚазҰУ-дың ғылыми-білім беру және инновациялық қызметі, ғылыми жобалары, орталықтары және зертханаларымен танысты. Нассер Мұхаммед әл-Акил университет инфрақұрылымының ауқымдылығы мен дамуын ерекше атап өтті. Оның пікірінше, бұл әсіресе жоғары технологиялар саласында заманауи талаптарға сай және және кәсіпке оңтайлы келеді.
Технопаркі пен суперкомпьютері бар заманауи халықаралық IT-кластер ядросы болатын, жаңа технологиялар мен инновацияларды дамыту саласында әлем университеттерінің ынтымақтастығының жаңа платформасы –әл-Фараби ғылыми-технологиялық алқабын құру жобасы қонақтардың үлкен қызығушылығын тудырды. Министрдің орынбасары оны жүзеге асыруға Сауд Арабиясының университеттерін, сондай-ақ ғылыми-технологиялық алқап инфрақұрылымын дамыту мен зерттеу жобаларын қаржыландыру үшін инвесторларды тартуға дайын екендіктерін айтты.
Екі жақты мүдделілікті ескере отырып, тараптар коллаборация бағыттарын тыңғылықты талқылау үшін ҚазҰУ және Сауд Корольдігі университетінің мамандары мен ғалымдарынан жұмыс тобын құрды. Жақын арада ғарыштық технологиялар, IT және биотехнология, химия және физика, нанотехнологиялар және басқа салалардағы жобаларды іске асыру бойынша бірлескен зерттеу орталықтарын құру жоспары белгіленді.
Елбасы мен ҚР Президенті қолдауына ие болған әл-Фараби ғылыми-технологиялық алқабының жобасы ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыруға және оларды экономиканың нақты секторына енгізуге бағытталған ұлттық инновациялық жүйенің бірегей өсу нүктесі болмақ.
www.kaznu.kz