- Негізгі бет
- Жаңалықтар
Елбасы жолдауы ҚазҰУ ұжымының назарында
28.01.2011“Болашақтың іргесін бірге қалаймыз”. Бұл Қазақстан Республикасы Президентінің 2011 жылы халыққа үндеген кезекті жолдауы. Қазақстан Тәуелсіздік алған 20 жылдың ішінде болашаққа деген асуларды ел бірлігінің жарасымымен, халықтың татулығымен бірге бағындырып келеді. Осы орайда, кезекті жолдаудың мұндай атауды иеленуінің де үлкен мәні бар. Себебі, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сындарлы саясатының негізгі басымдылығы ортақ мүдде, бірлік, татулық, бейбітшілікке үндейді.
Жыл сайын әр жолдау Қазақстанның болашағы мен айқын мақсатына жарқын бағыт беріп, атқарылған істерді таразыға алады. Биылғы жолдауда президент тілге тиек еткендей, еліміз білім беру ісін дамытуда 129 елдің арасында көш бастаушылар қатарында келеді. Сонымен қатар, ел басшысы өткен онжылдықта білімге бөлінетін қаражат 10 есеге көбейгендігін, осы жылдары 750 жаңа мектеп салынғандығын, сонымен қатар, 5 302 мектепке дейінгі мекеме, 1 117 балабақша мен 4 185 орталық ашылғандығын айтты. Бұл көрсеткіштер, әрине Елбасының білім және ғылым, ағартушылық салаларына үлкен мән беретіндігінің үлесі. Сонымен қатар, халық денсаулығы әрқашан жолдау тақырыбында өзектілікке ие болуы тұрғындардың қуанышын жасырмайды. Мәселен, жолдауда айтылғандай тәуелсіздік жылдарында 500-ге жуық жаңа денсаулық сақтау нысаны салынды. Медицина мекемелерінің материалдық-техникалық базасы айтарлықтай жақсарды. Мұның бәрі халықтың әл-ауқатының жақсарып, өмір жасының ұзаруына үлес қосып отыр. Бұл жолдауда белгілі болғандай экономикалық модернизация, әлеуметтік модернизация, білім, денсаулық сақтау, тілді дамыту, жұмыспен қамтудың жаңа тұжырымдамасы және халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету, кірісті ұлғайту сияқты салаларда жетілдірілген жұмыстар бастау алатындығы халық игілігі үшін үлкен құндылық.
Елбасы 2020 жылға дейін ана тілін меңгеру 95 пайызды құраса, 2020 жылдан кейін қазақ тілін меңгеру деңгейі 100 пайызға жету керек деді. Ол үшін барлық қызмет орындарында ана тілінде сөйлеуді дамыту керектігін айтқан Елбасы, ағылшын тілін меңгеруді де назарда ұстауды айтты.
2015 жылы білім мекемесінің 50 пайызы электронды оқытуға көшеді. Ал 2020 жылы ол 90 пайызға өседі деп тапсырма жүктеген жолдау алдағы 5 жылдық пен онжылдықта талай жаңа бастамалар орын алатындығынан сипат беріп отыр. Өз кезегінде білім және ғылым саласына ден қойған жолдау қазақстандық жоғары оқу орындары жұмысына да жаңаша серпін бермек. Соның ішінде әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Ұлттық зерттеу университетіне айналуына да тың бастама жасап, жарық бағыт сілтемек.
Таяуда үкіметтік емес ұйымдар мен жекелеген азаматтар, зиялы қауым өкілдері мен Парламент депутаттары қолдау білдіре отырып Елбасы өкілеттігін ұзарту үшін бүкілхалықтық референдум өткізу туралы бастама көтергендігі белгілі. Бұл – Елбасына артылған халықтың үлкен сенімі. Халықтың жылы ықыласы мен құрметі. Осы орайда референдумға пікірін жеткізген Президент Н.Ә.Назарбаев 20 жылдан бері бар күш-жігері мен білік тәжірибесін аямай, халыққа қалтқысыз қызмет етіп келе жатқандығын айтып, сенімге серт беріп, бар жауапкершілікті мойнына алатындығын жеткізді. Бұл шешім – Елбасы өзі бастамашылдық танытып, ел бағытын жарқын болашаққа бағдарлаған қыруар істер мен үлкен жауапкершілікті халық игілігі үшін атқаруға үлкен сенім туғызып отыр.
Осы орайда Елбасы жолдауы халықтың тығыз қолдауына ие болып жатыр. 28 қаңтар күнгі ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Болашақтың іргесін бірге қалайық» атты дәстүрлі Қазақстан халқына Жолдауын әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің 10000 профессор-оқытушылар құрамының мүшесі мен студенті тікелей эфирден тыңдады. 14 факультет басшылығы оқытушылар мен студенттерге монитор қою арқылы Жолдауды тыңдауға мүмкіншілік жасады. Қазір барлық қасиетті қара шаңырақ оқытушылары мен студенттері Елбасы Жолдауын қызу талқылау үстінде.
Сонымен қатар, ҚазҰУ-да дәл осы уақытта өтіп жатқан Республикалық оқу-әдістемелік семинар өз ісін уақытша тоқтатып, семинарға жиналғандар түгелдей тікелей эфир арқылы монитордан берілген Жолдауды бастан-аяқ тыңдап, оған қатысты өз пікірлерін ортаға салды.
Университеттің жетекшілігі мен профессор-оқытушылар құрамы және студенттері ҚР Президентінің Қазақстан халқына Жолдауына байланысты өз ой-пікірлерін, сараптамалық-талдамалық материалдарын республикалық бұқаралық ақпарат құралдарында жариялауға құштарлық танытып отыр.
Сондай-ақ, дәл қазіргі уақытта факультетте және жатақханаларда ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Болашақтың іргесін бірге қалайық» атты кезекті Қазақстан халқына Жолдауы оқытушылар мен студенттердің қатысуымен қызу талқыланып жатыр. Студенттік Жастар комитеті Жолдауға қолдау көрсету мақсатында арнайы пікір-талас шарасын өткізді.
Бүгіннен бастап әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Болашақтың іргесін бірге қалайық» атты дәстүрлі Қазақстан халқына Жолдауын ректорат жұмысы отырысында, факультеттер Ғылыми кеңестерінде, барлық кафедра мәжілістерінде, студенттік өзін-өзі басқару ұйымдарының барлық шараларында талқылауды бастады. Сонымен қатар, жолдау алдағы уақытта эдвайзер-куратор тәрбие сағаттарының тақырыбына арқау болмақ.
ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі