Жаңалықтар

Әл-Фараби – Абай: рухани сабақтастығы

19.02.2020

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да Әл-Фарабидің 1150-жылдығы және Абайдың 175-жылдығына арналған «Әл-Фараби – Абай: рухани сабақтастық мәселесі» атты Республикалық ғылыми-тәжірибелік дөңгелек үстел өтті.

Іс-шараға фарабитанушы-ғалымдар, абайтанушылар, ғылыми қызметкерлер, докторанттар мен магистранттар, қоғам және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Дөңгелек үстелді ашқан Әл-Фараби орталығының директоры Бекжан Мейрбаев шараның негізгі мақсаты қазақ даласының екі ғұлама перзенті, Әл-Фараби мұрасы мен Абай Құнанбаевтың шығармашылығы арасындағы сабақтастықты кеңейту екенін атап өтті.

«Баға жетпес бұл мұраны жас ұрпақ білуге және зерделеуге тиіс, сондықтан мерейтойлық жыл аясында маңызды жобалар жүзеге асырылуда. Әл-Фараби энциклопедиясы жарыққа шығарылып, ұлы ойшыл және халық ақыны туралы деректі және көркем фильмдер түсіріледі», – деді орталық директоры.

Дөңгелек үстел барысында Әл-Фараби еңбектері мен Абай шығармашылығын зерттеудің ғылыми, әдістемелік және практикалық мәселелері, орта және жоғары білім беру жүйесіндегі фарабитану және абайтанудың мәселелері талқыланды.

«Бүгінде Абай Құнанбайұлының бізге жеткен екі фотосуреті бар. Бірі 1896 жылы, екіншісі 1903 жылы түскен фотосурет. 1903-ші жылғы фотосуреттің түпнұсқасы Алматыдағы Мұхтар Әуезов үйінде сақталған. Ал негізгі көшірмені Мұхтар Әуезов арнайы біздің музейге тапсырған. Ол Абайдың үйінде табылған отбасымен түсірілген фотосурет», – деді Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемориалдық қорық музейінің ғылыми хатшысы Раушан Елекенова.

Сондай-ақ, шараға жиналған қатысушылар Әл-Фараби музейінің экспозициясын аралап, кітапхананың сирек қорына енгізілген ғалымның раритетті құнды еңбектерімен танысты. Сонымен қатар, олар Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-мұражайының (Семей қ.) кітаптар мен қолжазбалар көрмесіне барды.

www.kaznu.kz