Жаңалықтар

Тәрбие бір ізділенсе, білім де терең болады

02.02.2011

Маман алдымен адами болмысты игеруі керек. Ол дегеніміз жоғары әлеуетті инттелектуалды ұлт болудың алғы шарты. Кезінде ұлт көсемдерінің көксеген арманы да осы идеяны ұран етті. Бүгінде Елбасының қоғам алдына қойып отырған нақты талаптарының бірі де – Интеллектуалды ұлт қалыптастыру. Осы орайда ұрпақ әлеуетін дамытуда қоғамның негізгі күші жоғары оқу орындары екендігін басты назарға алған әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры Ғалымқайыр Мұтанұлы университетте гуманитарлы блок жасап, кеңес құруды қолға алу керек деген ұстаныммен қарашаңырақтың ақсақалдар алқасы және факультет декандарының басын қосып, гуманитарлы салаға арналған арнайы отырыс өткізді.

Ақпан айының 2-ші жұлдызында орын алған бұл рухани отырыста гуманитарлы ғылымдардың басын құрайтын әр салаға тереңнен ден қойылып, тұлға қалыптастыру үшін бүгінгі ұрпақ өкілдерінің білімі мен біліктілігін арттыра түсу жолдары қарастырылды. Сөзден іске көшетін нақты кез келгендігін демеу еткен басқосуда ректор: “Интеллигенция қоғамдағы өз рөлін орындап жатыр ма? Ұстаз интеллинегцияның басты өкілі. Ұстаз болған соң басты міндет – тәрбиеге жауап беру. Осы орайда тәрбие құндылықтарының ұлттық деңгейін қарастыруымыз керек. Ол үшін пікір алмасып, корпоративті мәдениет қалыптастырып, гуманитарлы кеңес құрып, университетте оқытылатын гуманитарлы пәндердің қажеттілігін арттыруымыз керек”, - деп оқытушы-профессорлар мен ғалымдарды үлкен бастамаға шақырды. Сонымен қатар университет басшысының айтуынша, гуманитарлы кеңес құру үшін Абай, Шәкәрім ілімдері, білім мен ғылымды жаңаландыру сияқты ұстанымдар негізге алыну керек. Университетте дәріс алып жатқан болашақ маман бойына ұлттық рух пен адами болмысты, терең тәрбиені сіңіру бағытында қолға алынған мұндай бастамаларда аға буынның да айтары бар. Осы кезекте тарих факультеті деректану және тарихнама кафедрасының меңгерушісі Қамбарбек Атабаев: “Тарих ғылымдарыныың түгел қайта қарау керек. Тарихтың оқытылуы төмендесе, ол санаға кері әсер етеді. Себебі, тарих барлық ғылымдардың діңгегі”, - дейді. Ал, академик Сұлтан Сартаев: “Көркем әдебиетті оқу, тарихи әдебиетті көп оқу – сананы өркендетеді, дамытады. Біздің басты мақсатымыз студенттерді көп оқуға бейімдеу. Бүгінде сөздіктер, оқулықтар, әдебиеттер жеткілікті. Тек жастардың оқуға, кітапқа деген құштарлығын арттыруға ықпал етуіміз керек”, - деген аталы ойды алға қойды. Бұл отырыс гуманизм мен гуманитарияны дамытуға бағытталып отырғандықтан ұсыныстар мен тілек, лебіздер де толастамады. Мұхтар Әуезов, Ермұхан Бекмаханов, Тауман Амандосов, Қайыржан Бекхожин, Темірбек Қожекеев сынды қазақ зиялылары дәріс оқыған киелі шаңырақ адамдық болмыстың биік рухты ордасы екендігін дәлелдей түскен пікірлер – ҚазҰУ қабырғасында білім алатын әр студентке адам болу қағидасын сезіндіріп тұрғандай болды. Мәселен, филология факультетінің деканы ҚансейітӘбдезұлы: “Университетте гуманитария саласын дамытуды қолға алып отырғандығы өте маңызды жәйт. ҚазҰУ гуманитария саласының көш басшысы тізгінін ешкімге берген емес. Мұнда қазақтың ұлттық патриоттық сезімі тәрбиеленеді. Бүгінде қазақ зиялыларына серпілетін кез келді. Тәуелсіз мемлекеттің әдебиетін оқытайық”, - деп атап өтті. Сонымен бірге филология факультетінің деканы университет факультеттерінде ұйымдастырылып жататын рухани шараларға өзара араласып, пікір бөлісіп тұруды ұсынды. Әр факультеттің ғалымдары бір-бірімен тәжірибе алмасып, жаңалықтарға бірдей қатысып отырса, гуманитария саласында факультетаралық байланыс нығая түсер еді деген ойды айтты. Адами болмыс кітапты көп оқып, тілді меңгеру, әдебиет пен мәдениет, тарихтағы сауаттылықпен өлшенетіндігін ескерген, экономика және бизнес факультетінің деканы Баян Жүндібайқызы студент білуге тиіс классикалық әдебиет туындыларын оқу үдерісіндегі силлабусқа міндеттеп, тізімін енгізуді ұсынды. Ал, бүгінде осы саланы дамытуда нақты жүзеге асып жатқан шаралармен бөліскен шығыстану факультетінің деканы Нұржамал Алдабекқызы аталмыш факультетте “Жаныңда жүр жақсы адам” деген тақырып аясында ғалымдардың еңбектері мен ойлы сөздері насихатталып жатқандығын айтты. Шығыстану факультетінің студенттері болашақта шетелге көп шығатын мамандар екендігін ескерсек Қазақстаннан баратын өкіл ретінде еліміздің тарихын, мәдениетін, әдебиетін жан-жақты біліп тұруын басты назарда ұстайтындықтарын айтты.

Гуманизм бағыттарын қамтыған жиын жастар тәрбиесі мен ар ілімінің дамуына, саналы түрде ықпал ететін, әр тәрбиеленушінің ар-ұяты мен адамгершілігін дамытатын ұлттық идеяларды дүниеге әкеліп, университеттік деңгейде ғана емес мемлекеттік дәрежеде насихатталатындай деңгейге жетуіміз керек деген ойды түйді. Ғұлама ғалым Ахмет Байтұрсынов: «Біз әрқашанда білімге ұмтыламыз. Негізінде ең бірінші тәлімге ұмтылуымыз керек. Бізге тәлімді рух, тәрбиелі білім қажет. Тәрбиелі білімдер... Міне адам! Міне тұлға!» - деп білімнен бұрын тәрбиеге көңіл аудару керектігін, тәрбиесіз адамға берілген білімнен ешқандай пайда жоқтығын баса көрсеткен. ҚазҰУ-да өткен бұл отырыстың ұстанымы ұлт зиялысының ойын жалғап тұрды. Мұндай ойларды жүзеге ашыру үшін әр тәрбиеші саналы түрде еңбек ету керектігін айтқан университет басшылығы ел болашағын ойлаған Абай бастаған даналар еш штатты, еш бір еңбек ақыны негіз етпестен ұлттың қамын ойлады сондықтан, тәрбиені дамытуда, ел болашағын жарқын етіп, жастарды тәрбиелеуде саналы түрде қызмет етейік деген ойларға жетеледі. Тәрбиенің түйінді-түйінді басымдықтарын алға тартқан көшбасшы университеттің мұндай шаралары бүгінгінің Абайын, Шәкәрімі мен Ахметін, Сұлтанмахмұты мен Мағжанын қалыптастырып, ұлт зиялылығын дамыта түсер құндылық екені сөзсіз.

ҚазҰУ-дың баспасөз қызметі