Жақында Валенсия политехникалық университетінде (ВПУ, Испания) ҚазҰУ-дың түлегі Әбдіәділ Асқарұлы «Қолданбалы математика» мамандығы бойынша докторлық диссертациясын қорғады. Докторлық жұмыс жоғары бағаланды. Аталмыш еңбекке Ю.В. Архипов және И.М. Ткаченко-Гурский сынды профессорлар жетекшілік етті. Диссертацияны қорғау 2009 жылғы қос дипломды PhD бағдарламасы аясында ҚазҰУ және ВПУ арасындағы қол қойылғанкелісім шарт негізінде жүзеге асқандығын айта кету керек.
Диссертацияның тақырыбы физика саласының термоядролық синтезді зерттеу жұмысымен байланысты. Зерттеу нәтижелері рейтингі жоғары физика журналдарында, соның ішінде «Physical Review» журналында жарияланды. Қорғауда оппонент пен кеңес мүшесінің рөлін атақты Франция, Германия және Испанияның ғалымдары, сондай-ақ, физикадағы тығыз плазма теориясының негізін қалаушы профессор К.Дойч (ХІ Париж университеті, Франция) атқарды.
Қорғаушының жұмысын шетелдік ғалымдар жоғары бағалады. Профессор К. Дойч соңғы жылдарда көптеген қорғауларға қатысып, көптеген ізденушілердің диссертациясымен танысқандығын,алайда ізденуші Әбдіәділ Асқарұлының еңбегі тың әрі қызық екендігін атап өтті.
ҚазҰУ-дың оптика және плазма физика кафедрасы ВПУ-дың қолданбалы математика департаментімен қарым-қатынасын одан әрі дамытуды жалғастыруда.
ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі