Жаңалықтар

Топ 100 – қолжетімді

20.03.2020

«QS World University Ranking by Subject 2020» пәндік рейтингісінің қорытындысы бойынша әл-Фараби атындағы ҚазҰУ «Заманауи тіл білімі» мамандығы бойынша әлемнің ең үздік 100 ЖОО қатарына енді.

QS «WUR by Subject» рейтингісінде бес пәндік сала бойынша әлемнің 1200-ден астам университеті сарапталды. Рейтинг әдіснамасы басты төрт көрсеткіш негізінде жасалады: академиялық беделдік, жұмыс берушілер арасындағы бедел, ғылыми мақалалардың дәйексөзділігі және Хирш индексі. Рейтинг 95 мыңнан астам оқытушы, 45 мың жұмыс берушінің пікірлері мен «Scopus» деректер қорынан алынған мәліметтерді ескере отырып жасалған.

Өткен жылмен салыстырғанда қазақстандық университет өз көрсеткіштерін айтарлықтай жақсартып, «QS WUR by Subject» рейтингісінде позициясын күшейтті. «Заманауи тіл білімі» мамандығы бойынша университет әлемнің ең үздік 51-100 жоғары оқу орындарының тобына, «Лингвистика» бойынша 201-250, «Ағылшын тілі мен әдебиеті» және «Құқықтану» бойынша 251-300 тобына кірді. Сонымен қатар аталмыш рейтингке алғаш рет «Математика» (топ 351-400), «Экономика және эконометрика» (451-500), «Физика және астрономия» (551-600) мамандықтары енді. «Өнер және гуманитарлық ғылымдар» пән саласында университет 339-шы орыннан 277-ге көтеріліп, «Әлеуметтік ғылымдар және менеджмент» бойынша 351-ші орынға ие болды.

ҚазҰУ зерттеу университетіне трансформациялана отырып, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың әлемнің ең үздік 200 ЖОО-на кіру бойынша маңызды мемлекеттік міндеттерді жүзеге асыруда. Айта кету керек, ҚазҰУ 2019 жылы QS жаһандық рейтингісінің қорытындысы бойынша алдыңғы қатарлы университеттер тізімінде 207-ші орынға ие болды. ТМД елдерінен бұл топқа тек Ломоносов атындағы ММУ мен әл-Фараби атындағы ҚазҰУ кірді.

 

 

www.kaznu.kz