Жаңалықтар

Ядролық энергетика саласындағы қарышты қадам

10.10.2008

Жапонияда Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті мен Жапонияның атом энергиясы жөніндегі Агенттігі арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.

 

         Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры, академик Бақытжан Жұмағұловтың айтуынша, әлемдік атом энергиясының ірі ведомствосы мен Қазақстанның ірі ғылым мен білім беру орталығы арасындағы ынтымақтастық - отандық ядролық энергетиканы дамыту бойынша бірлескен бағдарламаларды жүзеге асырудағы нақты әрі байыпты қадам. Екіжақты келісімдер нәтижесінде еліміздегі жетекші университетте атом саласының жоғары кәсіби білікті мамандары дайындалатын болады.

         - Бірінші кезекте шешу керек басты мәселе - жоғары кәсіби білікті мамандар дайындау. Бұл саланың білікті мамандары ғана атомдық технологияны ендіріп, құрал-жабдықтарды пайдаланудың сапасын қамтамасыз ете алады,- дейді еліміздің бас оқу орнының басшысы.

         Қыркүйек айының соңында Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ға  Жапонияның атомдық энергия Агенттігінің атқарушы директоры Хидеаки Йокомизо мен нейтронды сәуле мен реакторларды сынақтан өткізу жөніндегі жапондық Орталық директоры Хироши Кавамура бастаған делегация келген болатын. Шетелдік қонақтар Қазақстанның ең беделді жоғары оқу орнымен ынтымақтастыққа мүдделі екендіктерін айтып, ғылым мен білім беру саласында тез арада өзара байланыс жасауды ұсынған болатын. Сол жолғы кездесуде жақын арада дайындық кезеңін аяқтап, Жапонияда меморандумға қол қою мәселесі келісілген.

         Меморандум бойынша жапондық Агенттіктің ғылыми қызметкерлері қазақстандық жетекші университет студенттеріне жүйелі түрде дәріс оқиды, ал ҚазҰУ оқытушылары мен студенттері жапондық департаменттер мен лабораторияларда тәжірибеден өтеді.

         Жапонияға сапары барысында Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры Б.Т. Жұмағұлов Жапонияның Білім министрі мен Токио технологиялық институтының ректорымен кездесті.

 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі