- Негізгі бет
- Жаңалықтар
Жылдың үздік оқытушылары анықталды
15.02.2011Халық даналығы “Ұстазы жақсының – ұстамы жақсы” немесе “Ұстаздық еткен жалықпас үйретуден балаға” дейді. Бұл бірегей ой иірімдері адам өміріндегі ұстаз рөлінің маңыздылығын айшықтап, ұлтты тәрбиелеудегі ұстаз еңбегінің зор екендігін танытады. Өрелі мақсатта ұстаздарымызды ұлықтау үшін еліміздегі жоғары оқу орындарының үздік оқытушысын анықтау байқауы дәстүрге айналып отыр. Осы орайда өткенжылғы үздік оқытушылар анықталып, ҚР Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов жақында “Жоғары оқу орындарының үздік оқытушысы - 2010” мемлекеттік грантын жеңімпаздарға табыс етті. Нәтижесінде “Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы” мемлекеттік грантын еліміздің 42 жоғары оқу орынының 200 оқытушысы иеленді. Байқау жеңімаздарын құттықтауда белгілі болғандай, “Жоғары оқу орындарының үздік оқытушысы – 2010” мемлекеттік грантын жеңіп алғандардың басым көпшілігі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің оқытушы-профессорлары. Яғни, 2010 жылдың үздіктері қатарын ҚазҰУ-дың 31 оқытушысы толықтырды. Бұл жеңіс қарашаңырақтың білім және ғылым саласындағы көшбасшы университет екендігін тағы бір анықтап берді.
Салтанатты марапаттау барысында сөз алған министр Бақытжан Тұрсынұлы: “Биылғы жылы мемлекеттік грантқа қол жеткізген құрам сапасы анағұрлым жоғары болды. Олардың 68 пайызы ғылым докторы, профессор, ал қалғандары доцент, ғылым кандидаты мен PhD докторы. Байқауға республикалық 86 жоғары оқу орнынан мыңға жуық үміткер қатысты. Олардың 43-і мемлекеттік, 12-сі акционерлік және 31 жекеменшік оқу орыны”, - деп атап өтті.
Өз кезегінде мемлекеттік грант үздік шыққан жеңімпаздарға Ұлыбритания, Германия, Франция, Италия, Испания, Бельгия, Польша, Чехия, Венгрия, Швеция, Австрия, Болгария, Литва, Латвия, Ресей сияқты елдердегі жетекші жоғары оқу орындарына барып тәжірибе жинақтауға мүмкіндік береді.
Мемлекеттік маңызы жоғарыгрант иелерін жеңістерімен құттықтай отырып, ұрпақ тәрбиесі жолындағы еңбектеріне табыс тілейміз. Ғылым мен білім майталмандарының үздік танылуы – ұрпақтың бәсекеге қабілеттілігін арттыра түсері анық.
ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі