Жаңалықтар

Әлеуметтік жаңғыру қадамдары

15.02.2011

Кеше әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың ректорат мәжілісі өтті. Ректор Ғалымқайыр Мұтанов мырза кіріспе сөзінде Елбасының Жолдауы мен «Нұр Отан» ХДП 13-съезінде қарастырылған негізгі мәселелерді қамтыды. «Қазақстан-2020» стратегиялық жоспары негізінде халықтың әлеуметтік жағдайын көтеру мақсатында «Халықтық IPO» бағдарламасы көпшілік назарына ұсынылды. IPO – жүздеген мың қазақстандықтарға ірі кәсіпорындардың акцияларына иелік етуге мүмкіндік беретін, инвестициялаудың жаңа құралы. «Биылғы Жолдауда қарастырылған негізгі үш мәселенің бірі - жоғары оқу ордаларындағы білім деңгейін әлемдік стандарттарға дейін жеткізу болатын. Осы бағытта қомақты қаржы бөлініп отыр. Ұлттық зерттеу университеті ретінде біз Елбасының бастамасын қолдай отырып, білім және ғылым саласын дамытуда өз үлесімізді қосуымыз керек», - деді ректор сөз соңында.

Мәжілісте «Нұр Отан» ХДП-ның 13-съезінде қойылған тапсырмалар бойынша ҚазҰУ-дың тәрбие жұмысын ұйымдастыру мәселелері талқыланды. Баяндаманы Тәрбие жұмысы және тілдерді дамыту департаментінің директоры Гүлнар Сәрсенбекова жасады. Университеттің 13 факультетінде барлығы 91 кафедра, 1454 оқытушы-профессорлары қызмет етеді. 818 куратор-эдвайзерлер, 641 эдвайзерлер бар. Олар студенттердің оқу үлгерімін қадағалап, қоғамдық өмірге белсенді қатысуына жауап береді, әрі жастардың әлеуметтік жағдайын қорғайтын мәселелерді шешеді. №3-3776 бұйрығы бойынша 2010 жылдың 1 желтоқсанын бастап куратор-эдвайзерлердің қызметтік бабының көбеюіне байланысты қосымша ақы төленетін болды. Куратор-эдвайзерлердің жұмысын бақылайтын арнайы кеңес жұмыс істейді. Оның құрамына факультеттің куратор-эдвайзерлер кеңесі, деканның тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары, кафедраның және топтың куратор-эдвайзерлері жатады. Студенттерді қоғамдық өмірге тарту мақсатында кафедраларда 112 арнайы үйірмелер мен клубтар ашылған. Мәселен, «Эколог», «Син Сэдэ», «Метеоролог», «Жас зерттеуші», «Атамұра», «Тәржімен», «Студенттік маркетинг агенттігі» және тағы басқалары. Сондай-ақ куратор сағатын өткізу, университеттік шараларға атсалысу, қарашаңырақтың тұлғалы түлектерімен кездесу ұйымдастыру ЖОО тәрбие жұмысының жоспарында көрсетілген.

Жиынның екінші бөлімі академик Салық Зимановтың дәрісімен жалғасты. Салық ағамыз Қазақстанды Колбин басқарып тұрғанда Компартияның қаулысына қарсы пікір айтқан нар тұлғалы азамат. Кейіннен ҚР Президенттік институт туралы, егемендік туралы, егеменді Қазақстан Республикасының тәуелсіздігі туралы заң қабылдауда ұйытқы болған. Ағамыздың биылғы 90 жылдық мерейтойымен университет басшылығы құттықтай отырып, «Өнегелі өмір» сериясының бірінші кітабын Салық Зиманұлына арнады. Бұл кітапты университет ректоры Ғалымқайыр Мұтанов академикке өз қолымен табыстады.

ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі