Жаңалықтар

ЖОО проректорлары тәрбие мәселесін талқы етті

17.02.2011

«Тәрбие басы – тал бесік» деген атам қазақ мақалдап. Болашақ ұрпақтың өнегелі болуы жастайынан берген тәрбиеге байланысты. Сондықтан қоғамда ұстаз бен бала тәрбиесіне ерекше мән бөлінген. Осы тақырыпта 16 ақпан күні әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың ұйымдастыруымен ЖОО тәрбие жұмысы жөніндегі проректорлардың кездесуі өтті.

Елбасының Жолдауы мен «Қазақстан 2020» стратегиялық жоспарында интеллектуалды ұлт қалыптастыру мәселесі жиі айтылады. Элиталы ұрпақ тәрбиелеуде білім және ғылым саласына қомақты қаржы бөлініп, оның дамуына барлық жағдайлар жасалуда. Қазіргі жастардан жоғары білімді, әрі ынталы, өздігінен шешім қабылдайтын және оған жауап бере алатын, ынтымақтастық пен мәдениет аралық әрекеттерге қабілетті, елінің тағдыры үшін жауапкершілікті сезінетін белсенді азаматтарды қалыптастыруда рухани-адамгершілік пен патриоттық тәрбиелеудің маңызы зор.

ҚР Білім және ғылым министрі ұжымдық-әдістемелік және тәрбие жұмысы басқармасының жетекшісі Шыңғысбек Сұлтанбеков баяндамасында биылғы Тәуелсіздіктің 20 жылдық мерейтойына арналған тәрбиелік іс-шараларды атап өтті. Талаптар негізінде студент жастары арасында 210 шара және 100-ден аса ғылыми іс-шаралар ұйымдастырылып, 60 ғылыми еңбектер басылып шығуы тиіс. «Жастар саясатын формальды қалпынан өзгертіп, жаңарту жолдарын қарастыру керек. Бүгінгі жастар интернеті дамыған заманда өмір сүреді. Сондықтан оларды барынша жан-жақты ақпараттандыруымыз керек. Мемлекеттегі болып жатқан саяси, әлеуметтік маңызы бар оқиғалардан жастардың хабардар болуы министрліктің алға қойып отырған басты талаптарының бірі. Бұл жұмыстар әсіресе 1-2 курс студенттері арасында қамтылғаны жөн», - деді Шыңғысбек Сұлтанбеков сөз соңында.

Алматы энергетика және байланыс институтының тәрбие жұмысы жөніндегі проректоры Зарема Габдуллина патриоттық тәлім-тәрбиенің негізгі үш түріне тоқталды. «Бүгінде жастар арасында патриоттық сезім тек эмоционалды түрде ғана қабылданады. Әр студент «патриот» сөзінің түпкілікті мәнін толық түсінген жағдайда мемлекетінің дамуына үлес қоса алады. Сондықтан ЖОО-дағы тәрбие жұмысына қойылып отырған талаптар жоғары», - деді ол.

Жиын қатысушылары билік құрылымдарының, мемлекеттік және қоғамдық институттардың жастарға рухани, адамгершілік және мәдени тәрбие беру мәселесіндегі серіктестік қатынастарды қалыптастыруға, жастар қоғамдық ұйымдарына қолдау көрсетуге, оқытушыларды жастармен жұмыс істеуге бейімдеу, заманауи ағартушылық тәжірибелерді қолдану және тарату, оған шығармашылық көзқараспен қарау, аға буын өкілдері және ардагерлермен бірлесе отырып іс-шаралар ұйымдастыруды ұсынды. Сондай-ақ ел қамы үшін патриотизм, толеранттылық, ұлттық бірлік, бейбітшілік және келісім, салауатты өмір сүру тәрізді құндылықтар негізінде жастар ұйымдарының бірігіп жұмыс істеуін өтінді.

ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі