Жаңалықтар

Мамандардың тілдік даярлығының тұжырымдамасы

15.10.2008

2008 жылдың 23 қыркүйегінде әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Ғылыми Кеңесінің мәжілісінде «Мамандардың тілдік даярлығының тұжырымдамасы» бекітілді. Университетте оқудан тыс даярлықты дамыту мақсатында: Ресей, Ағылшын, Француз, Неміс клубтары ұйымдастырылды. Аталған клубтардың басты міндеті - шет тілдерін оқитын студенттер үшін тілдік практика мен тілдік орта қалыптастыру.

Сондай-ақ барлық іс-шаралар оқытылатын тілде өтеді. Осы мақсатты жүзеге асыруда тілдерді дамыту бөлімі тікелей жетекшілік етіп, жұмысын жандандыруға ат салысады. Француз, неміс, ағылшын, орыс тілдерінде дәріс беретін кафедра оқытушыларынан жауапты тұлғалар бекітіледі. Клубтар өз жұмысын айына кемінде екі рет белгілі бір іс-шара (дөңгелек үстел, семинар, семинар-дәріс, кішігірім қойылым, фильм көрсету және т.б.) ретінде өткізуі тиіс.

Жастар рухани орталығында шетел филологиясы кафедрасының доценті Б.Д. Кисикованың жетекшілігімен журналистика және филология факультеттері студенттерінің қатысуымен "Менің мамандығым - журналист" тақырыбында өткізілген шағын қойылым  Ағылшын клубының тұсаукесері іспетті болды. Аталған іс-шараға университте ағылшын тілінен дәріс беретін оқытушы-профессорлар мен осы тілде еркін сөйлейтін студенттер қатысты. Қойылымға қатысқан журналистика факультетінің 1 курс студенттері ағылшын тілінде өз мамандықтары туралы еркін әңгімелеп, соңы ағылшын тіліндегі ән мен биге ұласып, көрермендер көңілінен шықты.
Тіл клубтарының мәжілістері айына кемінде үш рет өтеді. Тілдік практикадан өтуді қалайтын барлық студенттерді тілдерді дамыту бөлімінен хабарласуын сұраймыз.

 

 

 

 

          Тілдерді дамыту бөлімі