Жаңалықтар

«Бекмаханов» кітабының тұсауы кесілді

18.02.2011

Бүгін әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың тарих факультетінде Медеу Сәрсекенің авторлығымен «Бекмаханов» кітабының тұсауы кесілді. Кітап қазақ және орыс тілінде жарық көрді. Бұл бастаманы ҚР Байланыс және ақпарат министрі Асқар Жұмағалиев қолдаған болатын.

Шараға ҚазҰУ ректоры Ғалымқайыр Мұтанов, Медеу Сәрсеке, марқұмның жұбайы Халима Бекмаханова, факультет профессорлары мен студенттері қатысты. Ғалымның еңбегін Қазақстанның ежелгі және ортағасырлар тарихы кафедрасының меңгерушісі, т.ғ.д., профессор Талас Омарбеков пен т.ғ.д., доцент Берекет Кәрібаев таныстырып өтті.

«Бүгінгі кітаптың тұсаукесері қазақ елі үшін үлкен оқиға. Ұлтжанды арыстарымыздың бірі Ермұхан Бекмаханов кейінгі ұрпаққа ұлы мұрат қалдырды. Ол – қазақ елінің тарихы. Сондықтан бүгінгі Медеу ағамыздың бұл еңбегі біз үшін аса құнды. Осыған байланысты «Қазақ университеті» баспасынан «Өнегелі ғұмыр сериясы» бойынша Ермұхан Бекмахановтың өмір деректері мен еңбектерінің жинағы шықты», - деді Ғалымқайыр Мұтанов тұсау кесер рәсімінің ашылуында.

Жақсы адамның көкірегінде тек ізгі сезім ұялағанда ғана кекшілдік пен күншілдікке жол берілмейді. Көкірек көзі ашық ғұламалар мемлекеттің ілгері бастаушысы, әрі кейінгі ұрпаққа үлгі. Ермұхан Бекмахановтың қиын да қыстау өмірі бұған дәлел. 1943 жылы А. Кучкин, А. Панкратова, В. Греков сынды белгілі тарихшылармен бірігіп «Қазақ ССР тарихын, 1947 жылы «Қазақстан ХІХ ғасырдың 20-40 жылдарында» монографиясын шығарған. «Ермұхан Бекмахановты нағыз педагог деп білемін. Ол осы университетте өзінің тарихи мектебін құрды. Бұл Ерекеңнің қарашаңырағы болғандықтан кітапты ең алдымен ҚазҰУ-ға әкелдік. Кітапта қазақтың күншілдігі, қызғаншақтық пен іштарлық қасиеттеріне тоқталдым. Біздің өркендеуімізге бөгет болып тұрған міне осылар. Ортамыздан шыққан ақылы мен шеберлігі озық ақын, жазушыларға барынша қолдау көрсеткен жөн. Бәле-жаладан бойымызды аулақ ұстауымыз керек. Заман өзгергенмен, шындық ешқашан да өзгермейді», - деді Медеу Сәрсеке кітабын ұсынып.

Профессор Талас Омарбеков кітапқа мінездеме бере отырып: «Бекмаханов» кітабы Медеу Сәрсекенің үшінші шығармасы. Оның алдында жазылған еңбектері қазақтың ұлы ғалымдары Қаныш Сәтбаев пен Ебіней Букетовтың өміріне арналған еді. Ол бір уақытта Мәскеуде және Қазақстанда шығып отырған тарихи құнды еңбек. Бекмаханов сияқты ірі тарихшының өмірінде белгісіз тұстар жұмбақ болып қалған. Бұл деректерді тарихшылар қамти алмайды. Себебі олар қағаз бетіне жазылмай қалғандықтан архивте сақталмаған. Міне, соның бәрін жан-жақты іздеп, жиналған естеліктерді бір арнаға біріктіре білген Медеу ағамыз бүгінгі ұрпаққа тәрбиесі мол дүниені сыйға тартып отыр. Бұл оның әдебиет және тарих саласына қосқан үлкен үлесі», - деді.

Жиында басты кезекте Бекмахановтанушы Медеу Сәрсекенің шығармашылығы бағаланды. Тарихшының деректермен жұмыс істеу шеберлігі осы еңбекте жақсы көрсетілген. Сондықтан жиылған қауым Медеу Сәрсекенің үш еңбегін мемлекеттік сыйлыққа ұсынуды бір ауыздан қолдады. «Бекмаханов» кітабының жазылуына мұрындық болған марқұмның жұбайы Халима Бекмахановаға алғыс сөздер айтылды.

ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі