- Негізгі бет
- Жаңалықтар
«Көмек» ұйымының қызметімен таныстық
21.02.201118 ақпан күні әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың «Сұңқар» студенттік кәсіподағы мен «Көмек» студенттер ұйымының ұйымдастыруымен Химия факультетінің Малахит залында «Біз рак ауруын бірге жеңеміз» атты дөңгелек үстел өтті.
«Көмек» ұйымында ҚазҰУ-дың 70-тен аса студент еріктілері бірлесіп жұмыс істейді. Азиза Нұрлыбаева «Көмек» ұйымының қызметімен таныстырса, Юлия Шевелева арнайы дайындалған слайд арқылы жілік майына шұғыл операцияға зәру Яна Рубан туралы мәліметтермен хабардар етті. Ұйымның басты қызметі жетімдер, балалар үйі, қарттар үйіне барып көмек көрсету. Бүгінде «Көмектің» қыз-жігіттері бірнеше жетімдер үйімен тығыз қарым-қатынаста. Балалар үйіндегі кішкентай бөбектерге жәрдем беріп келеді. Қаскеленде орналасқан №7 және №8 мектеп-интернатымен үнемі байланыста әрі бірлесе жұмыс істейді. Бас қосудың мақсаты – жастарды онкологиялық аурудың түрімен таныстыру және мән-жайын түсіндіру. «Көмек» ерікті студенттерден құралған ұйым жұмысымен толығырақ таныстыру.
Студенттерге арнайы өз тәжірибесімен бөлісуге Алматы қалалық онкологиялық диспансерінің бас дәрігер орынбасары Нұрлан Балтабеков келді. Алматы қаласында жиі кездесетін аурудың бірі - лейкоз. Жылына 200-230 бала осы ауру түрімен емханаға келіп түссе, 18 жастан жоғары қыз балаларда кеуде рагы және жастар арасында темекіден пайда болатын өкпе рагы да жиі ұшырасады екен. Нұрлан Балтабеков, еріктілер мен студенттерді онкологиялық диспансерге ақ халатпен келіп, онкологиялық ауру түрімен танысамын деушілерге есік ашық екенін айтып, алдағы уақытта зерттеу тақырыптарын алатын студентке де көмектесеміз деп айтты.
Рак – бүгінгі заман дерті. Онымен күрес жүргізу шаралары бүкіл дүниежүзінде жүргізіліп келеді. Сондықтан барша адамзат баласына ортақ мәселе. Осы бағытта Қазақстанда жастардан құралған еріктілер тобы жұмыс істейді. Еріктілердің ұйымдастыруымен көптеген акциялар мен кездесулер өтуде. Университет жастары да қолдан келер бар көмекті көрсетіп, өз үлестерін қосуда. ҚазҰУ студенттерін мейірімділікке тәрбиелеу мақсатында аталмыш шараның маңызы зор.
Іс-шараны ұйымдастыруда көмек көрсеткендер: ҚазҰУ-дың Тіл және тәрбие жұмысы жөніндегі департаменті, Жастар комитеті ұйымы, онколог-дәрігер, медицина ғылымдарының докторы Нұрлан Балтабеков, ҚазҰУ студенттер Мәслихаты мен Студенттер кеңесінің мүшелері.
ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі