- Негізгі бет
- Жаңалықтар
Қазақстанның Жоғарғы соты студенттерге «К.Х. Халиков атындағы дәрісхананы» тарту етті
16.10.200810 қазан күні әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті заң факультетінің сот билігі және қылмыстық іс жүргізу кафедрасы Қазақстан Республикасында сот билігі ғылымының қалыптасуы мен дамуының іргетасын қалаушылардың бірі - заң ғылымдарының докторы, профессор Кәлимолла Халиқұлы Халиқовтың 70-жылдығына арналған «Қазақстан Республикасында сот билігінің қалыптасуы мен дамуының өзекті мәселелері» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өткізді.
Бұл шара заң факультетінде К.Х. Халиков атындағы дәрісхананың ашылу тұсаукесерімен басталды. Ғалымның әріптестері мен дос-жарандарының сөздеріне сүйенсек, ол әрдайым сот жүйесіндегі болашақ мамандарды кәсіби ортаға енгізе отырып дайындайтын дәрісхана болса екен деген ойда жүретін. Бұл игі іс Қазақстанның Жоғарғы сотының қолдауымен жүзеге асты. Дәрісхана толығымен сот отырысы өтетін залды қайталайды. Болашақта бұл дәрісханада студенттерді тәжірибеге баулу мақсатында кішігірім сот отырыстары жүргізілмек.
Конференцияның жұмысына Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесінің Төрағасы, заң ғылымдарының докторы, профессор И.И. Рогов, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының қылмыстық істер жөніндегі алқасының төрағасы, заң ғылымдарының кандидаты М.Т. Әлімбеков, ҚР Жоғарғы Сотының жанындағы Соттар әкімшісінің төрағасы И.Қ. Елекеев, ҚР ҰҒА академигі, заң ғылымдарының докторы, профессор С.С. Сартаев, Алматы қалалық сотының төрағасы Т.Е. Барпибаев, сондай-ақ Қазақстанның және алыс, жақын шетелдің атақты ғалым-заңгерлері қатысты.
Ғалымдар Қазақстан Республикасындағы ұлттық сот жүйесінің даму кезеңдерін, сондай-ақ конституциялық құқық пен сот саласындағы тұлғаның бостандығын қамтамасыз ету мәселелерін талқылады.
Халықаралық конференцияның Қазақстан Республикасының сот және құқық қорғау органдары, әсіресе сот-құқықтық реформаның алдағы бағыт-бағдарларын анықтау үшін маңызы зор болды.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың
Баспасөз қызметі (727) 247-05-67