- Негізгі бет
- Жаңалықтар
Әлемдік індетті бірге жеңейік
12.05.2020Еліміздің жетекші университеті әл-Фараби атындағы ҚазҰУ бүкіл ел үшін қиын-қыстау кезеңде қауіпті індеттің таралуына қарсы күреске қосылды.
Бірінші болып «алдыңғы шепке» дәрігерлік куәлігі бар ҚазҰУ-дың медицина және денсаулық сақтау факультетінің 50-ден астам магистранты мен докторанты аттанып, сырқатты жұқтырған және олармен байланыста болған адамдарды қабылдайтын ауруханаларда жанқиярлықпен жұмыс істеуде. Қазіргі сәтте инфекционистер, пульмонологтар және реаниматологтар Алматы қаласының медициналық мекемелерінде тәулік бойы қызмет атқаруда. Эпидемиологтар қоршауға алынған карантиндік нысандар мен блок бекеттерінде жұмыс істеп, сондай-ақ науқастар мен олармен байланыста болған адамдарды тасымалдаумен айналысуда.
Сонымен қатар, 20 интерн-дәрігер карантин кезеңінде дертке шалдыққандармен байланыста болған науқастарға арналған провизорлық стационары ашылған ҚазҰУ-дың медициналық диагностикалық орталығында және №1 қалалық ауруханада еріктілер ретінде ортақ іске өз үлестерін қосуда. Сондай-ақ, денсаулық сақтау саясаты және оны ұйымдастыру кафедрасында шұғыл түрде бірнеше рет қолданылатын бетперделер тігу ісі ұйымдастырылған. Оқытушылар дезинфекциялау және қорғау құралдары бар арнайы пакеттер жинақтап, оларды әріптестері мен студенттерге табыс етті.
ҚазҰУ ғалымдары коронавирустың таралу мәселелерін шешуге белсенді түрде атсалысуда. Осылайша, «Жаңа химиялық технологиялар мен материалдар» ҒЗИ-да хирургтар мен медициналық қызметкерлердің қолдарын, сондай-ақ операциялық және инъекциялық өрістердің терілерін зарарсыздандыруға арналған антисептик жасалды. Антисептиктің тиімділігі М.Айқымбаев атындағы ұлттық аса қауіпті инфекциялар ғылыми орталығының аккредитацияланған зертханасының қорытындысымен расталды.
Химик ғалымдар, сонымен қатар, хлоргексидин негізінде гидрогельді антисептикті жасап шығарды. Сулы-спиртті ерітінділерге қарағанда, оның әсері ұзартылған әрекетке ие. Медициналық-биологиялық зерттеулер осындай дезинфекциялық құралмен өңделген қабаттардағы антисептикалық қасиеттер бір тәуліктен артық сақталатындығын көрсетті. Тиісті мемлекеттік тіркеуден өткеннен кейін күзге таман «МЕҰ Асем» ЖШС-мен бірлесіп өндірісті бірден іске қосу жоспарлануда.
Бүгінгі таңда ҚазҰУ ғалымдары өздері әзірлеген медициналық мақсаттағы бұйымдарды зарарсыздандырудың радиациялық әдісін, сондай-ақ полимерлер негізіндегі латексті қолғаптарды, бір рет қолданылатын диагностикалық жиынтықтарды өндіруге арналған жаңа модификацияланған материалдар мен композиттерді сынақтан өткізуде.
ҚазҰУ Технопаркінің қызметкерлері Жану мәселелері институтының әріптестерімен бірге Алматы қаласындағы медициналық мекемелерге өтеусіз берілген арнайы қорғаныш шлемдерінің топтамасын жасап шығарды. Шағын сериялы өндірісті ұйымдастыру бойынша жұмыстар жүргізілуде.
#Bizbirgemiz республикалық қозғалысы және ҚазҰУ студенттерінің бастамасымен өткізілген «Qayіrymdy qogam» челленджі шеңберінде университеттің волонтерлері мен оқытушылары коронавирустың таралуына қарсы күреске тартылған қызмет өкілдеріне көмек көрсету үшін қаражат жинап, шараға бей-жай қарамайтын, жәрдемдесуге әзір адамдарды тартуда. Олар медицина қызметкерлеріне және блок бекеттеріндегі ішкі істер органдарының қызметкерлеріне ыстық тамақ жеткізуді ұйымдастырды. Сонымен қатар, азық-түлік өнімдері мен жеке қорғану құралдары жетім балаларға арналған «Жанұя» арнайы кешеніне және еліне баруға мүмкіндігі жоқ ҚазҰУ-дың шетелдік студенттеріне берілді. Университет өзінің 710 орындық жатахқаналарының бірін ұсынып, онда Алматы қаласының медициналық қызметкерлері орналастырылды.
Карантин кезінде ҚазҰУ қашықтықтан оқыту жүйесіне тез әрі, еш қиындықсыз ауысып жұмыс жасауда. Әлеуметтік жауапкершілік аясында университет оқу үдерісін сүйемелдеу үшін ҚазҰУ әзірлеген «Универ» сандық жүйесін қолданатын жоғары оқу орындарына тегін қызмет көрсету және кеңес алу мүмкіндігін берді. ҚазҰУ құрған moocs.kz бірегей сандық білім беру ресурсы аса танымалдыққа ие болды және барлық ниет білдірушілерге тегін қол жетімді.
COVID-19 бүкіләлемдік пандемиясы елдер арасында практикалық тәжірибе мен жаңа ғылыми-техникалық әзірлемелермен уақтылы алмасу қажеттілігін айқындады. Медицина және денсаулық сақтау факультеті Канада мен Германияның жетекші пульмонологтары, вирусологтары және эпидемиологтарымен бірлесе отырып, коронавирусты емдеу, диагностикалау және таралуының алдын алу тәжірибесі туралы бейнетүсірілімдер сериясын дайындады.
Еліміздің жетекші университеті қиын кезеңді тек бірлесе отырып қана еңсеруге болатындығына және әрбір адамның қауіпті індеттің таралуына қарсы тұруға өз қолынан келерлік үлес қосуы қажет екендігіне сенімді.