- Негізгі бет
- Жаңалықтар
17.10.2008
2008 жылдың 16 қазанында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Мысыр Араб Республикасының мәдениет вице-министрі, мұрағат пен ұлттық кітапханасының Бас директоры, доктор Мұхаммад Сабир Араб пен Мысыр Араб Республикасының мәдениет министрінің Кеңесшісі, доктор Ибрахим Мұхаммад Анвармен кездесу өтті. Аталмыш кездесу Қазақстандағы Мысыр Күндерінің шеңберіне арналған. Бұл шара екі елдің мәдени және ғылыми өмірінде үлкен маңызға ие.
әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Мысыр Араб Республикасының жоғарғы оқу орындарымен оқу және ғылыми байланыстарды нығайтуда. Бүгінде университет аль-Миния, Каир және Александрия университеттерімен тығыз қарым-қатынас қалыптастырған. Жыл сайын үкіметаралық келісімге сай ҚазҰУ-дың студенттері мен оқытушылары Мысырдың ЖОО-ға тілдік тәжірибе жинақтауына және бакалавриат бойынша оқуға жіберіледі.
Шығыс Араб елдерімен байланыс нығайтудың нәтижесінде ҚазҰУ-да 1985 жылы араб тілі кафедрасы, ал 1989 жылы Қазақстандағы тұңғыш және жалғыз шығыстану факультеті ашылды.
ҚазҰУ-дың ректоры аталмыш кездесудің екі мелекеттің қарым-қатынастарын нығайтуда маңызы зор екендігін ерекше атап өтті. Сонымен қатар екінші жыл бойы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да PhD докторантура жаңа бағдарламасының жүзеге асуына байланысты Египеттің 8 жас мамандары мен болашақ докторанттарды оқытып шығарды. Кезінде Бақытжан Тұрсынұлының өзі де Каир университетінде дәріс оқыған екен.
Қазақстан Республикасында Египет Араб Республикасының күндерін өткізу екі мемлекеттің қоғамдық өмірінде маңызды оқиғаға айналып, мәдени қарым-қатынастардың арқасында халықтарды жақындастырып қана қоймай, дәстүрі мен ұлттық құндылықтарына құрметпен қарауға болашақ ұрпақты үйрету.
Университет ректорының сәлемдесуінен кейін Мысыр Араб Республикасының мәдениет вице-министрі, мұрағат пен ұлттық кітапханасының Бас директоры, доктор Мұхаммад Сабир Араб сөз сөйледі. Өз сөзінде ол университет өкілдерімен кездескеніне қуанышты екендігін айтты. «әл-Фараби мен Бұхари еңбектері екі елдің ортақ мұрасы», - дейді Мысыр елінің докторы.
Кездесу барысы Мысыр Араб Республикасының мәдениет министрінің Кеңесшісі, доктор Ибрахим Мұхаммад Анвардың Қазақстан мен Мысыр мемлекетінің мәдени қарым-қатынастарына арналған баяндамасымен аяқталды. Ибрахим Мұхаммад Анвар Мысыр елінің бай мұрасымен таныстырды. Сонымен қатар қазақ елінің мәдениет саласына деген қызығушылығын жасырмады. Қонақтар ҚазҰУ-дың ректорына алғысын айтып, сыйға «Мысыр мәдениеті» атты кітабын тарту етті. Қонақтардың мәлімдеуінше жақында Абай шығармалары мен М.Әуезовтың «Абай жолы» эпопеясын араб тілінде аударылатынын мәлімдеді.
ҚазҰУ-дың баспасөз қызметі (727) 247-05-67