- Негізгі бет
- Жаңалықтар
Қазақстандағы телевизия және радиожурналистика негізін салған – Барманқұлов
25.02.2011Бүгін Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың журналистика факультетінде дәстүрлі «Барманқұлов оқулары» аясында «Ақпараттық қоғам жағдайындағы электронды БАҚ: ұлттық және жаһандық мәселелері, таяу болашағы» атты дөңгелек үстел өтті. Бұқаралық ақпарат құралдары жетекшілері мен өкілдері, және ақын, жазушылар бас қосқан халықаралық жиын белгілі ғалым, педагог, жазушы, журналист, Қазақстандағы телевизия және радиожурналистика негізін салушы Марат Барманқұловтың еңбек жолын, журналистік қызметін насихаттауға арналды.
Қазақстан Журналистер Академиясының президенті Сағымбай Қозыбаев Марат Кәрібайұлының басты ұстанымы толеранттылық ұғымы екендігін және интернационалды журналист болғандығын айтты. Сонымен бірге Сағымбай Қозыбаев: «Марат Барманқұловтың қаламынан шыққан әр туындыны, кітапты оқи отырып оның энциклопедист екендігіне куә боласың. Оның еңбектері оқырман тарапынан әлі де үлкен қолдауға ие, ендеше Мараттың аты да, хаты да өлмейді», - дейді.
Өз кезегінде «Барманқұлов оқулары» аясында өткізіліп отырған «Ақпараттық қоғам жағдайындағы электронды БАҚ: ұлттық және жаһандық мәселелері, таяу болашағы» атты дөңгелек үстел тақырыбына пікір білдірген ҚазҰУ ректоры Ғалымқайыр Мұтанов бүгінгі қоғамның ақпараттар тасқынымен ерекшеленетіндігін ескерсек, мұндай жиындар факультетте даярланып жатқан болашақ жәрналистерге сол ақпараттарды дұрыс әрі тиімді қолдану, саралап, сұрыптай білуге, ақпаратпен жұмыс істеуде жоғары кәсібилікке баулитындығын айтты.
Конференцияға зиялы қауымнан бастап студенттер буынына дейін толассыз келуі оның телевизия және радиожурналистика саласына қосқан үлесінің зор екендігін және кәсіби шберлігі бүгінгі журналист үшін өз саласына айқын бағдар болатындығын дәлелдеп тұрды. Жаһандық дәуірде, әсіресе сандық технологиялар тұтынушыларының саны артып келе жатқандығын таразылайтын болсақ, Есенғали Раушановтың пікірінде «сандық технологияның негізгі атасы Марат Барманқұлов» екендігі айтылды. Оның тек кәсіби журналист, жазушы, ғалым ғана емес сонымен қатар «ұлық болсаң, кішік бол» деген даналықты ұстанғандығын айтқан Жұмабек Кенжалин Марат Барманқұловтың қалыптастырған журналистік жолы бүгінде де жалғасын тауып, жанданып жатқандығын жеткізді. «Ақпаратты, материалды басылымның түп нұсқасынан, газет түрінде оқу бір ерекше әсер етететіндігі шындық. Алайда күн талабы электронды қызметке жүгініп отырғандығы да жасырын емес, сол орайда алда бұқаралық ақпарат құралдарының эволоюциясы жасалады», - дей келе қазақстандық басылымдардың электронды нұсқаға ауысу қолға алынып жатқандығын айтты. Және журналистика факультетіндегі емтиханның мемлекеттік комиссия төрағасы ретінде бітіруші түлектердің диплом жұмыстарында осы сала бойынша талай зерттеу жұмыстары зерттеліп, жаңалықтар жасалып жатқандығын жеткізіп, БАҚ өкілдеріне соны өндіріске айналдыруды қолға алсақ деген ұсынысын айтты. Дөңгелек үстел барысында сонымен қатар, ақпараттық қоғам жағдайында электронды БАҚ-тың дамуы, ақпараттық қоғамдағы жаңа БАҚ-тың дамуы, Қазақстандағы телекоммуникациялық индсутрияның дамуы: мобильдік телефония, Интернет-пайдалану, коммуникациялық желілер және қызметтер, Қазақстанның 2015 жылға сандық хабар тарату форматына көшуі, қазақтілді Интернет-басылымдардың дамуы, әстүрлі және жаңа медиа: жаһандану үдерісіндегі өзара әрекеттесу жолдары, сандық дәуірдегі электрондық журналист мамандарын даярлаудағы жаңа үндеулер мен жаңа талаптар, электронды БАҚ-тың жастардың рухани-мәдени өміріне ықпалы, ҚР-дағы ақпараттық қоғамның дамуы: проблемасы және таяу болашағы, «Ақпараттық қоғам» немесе «Білім қоғамы» сияқты өзекті тақырыптар талқыға түсті.
Сондай-ақ, конференция барысында «Барманқұлов оқулары» аясында студенттер арасында өткен республикалық телебағдарламалардың үздік картиналары арнайы дипломдармен марапатталды. Байқау ҚазҰУ-дың журналистика факультетінің ұйымдастыруымен жүзеге асқан. Сондай-ақ, жеңімпаздарға диплом журналистика факультеті мен Марат Барманқұлов отбасының атынан табыс етілді. Олардың арасында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің студенттері, «Тұран» университеті, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы, Павлодар мемлекеттік университеті және Абылайхан атындағы Қазақ Халықаралық Қатынастар және Әлем Тілдері Университетінің студенттері бар.
ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі