- Негізгі бет
- Жаңалықтар
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг қорытындылары
05.06.2020ҚазҰУ-дың әлеуметтанулық зерттеу және әлеуметтік инжиринг орталығы «Сыбайлас жемқорлықтан тыс университет» жобасының жүзеге асырылу тиімділігіне қатысты қоғамдық пікірді анықтау, қашықтықтан оқытудың өзекті мәселелері, сондай-ақ пандемия жағдайындағы студенттер мен оқытушылардың әлеуметтік көңіл-күйін бағалау бойынша сауалнамалар жүргізді.
Сауалнамада жалпы университеттің 15 мыңнан астам студенттері мен оқытушылары қамтылды. Әлеуметтанулық мониторинг әдіснамасы «Оқытушы студенттердің көзімен», «Оқытушы әріптестердің көзімен», «Студенттердің қанағаттануын бағалау», «Университет түлектердің көзімен», «Сыбайлас жемқорлықты қабылдау индексі» сияқты жаппай және іріктелген сұрақ-жауаптарға негізделген сауалнамалар сериясынан тұрады. Олар жоо-дағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаттың жай-күйін және тиімділігін бағалаудың бірыңғай жүйесін құрайды. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Әлеуметтанулық зерттеу және әлеуметтік инжиринг орталығымен «Сыбайлас жемқорлықтан тыс университет» атты жобасының аясында жеті жыл бойы жинақталған тәжірибелік әзірлемелері оған негіз болды. Аталмыш жобаны жүзеге асыру университеттің барлық салаларында жемқорлыққа қарсы технологиялардың бірегей кешенін енгізуді және олардың тиімділігін үнемі бағалауды қамтамасыз етті.
Мақұлданған сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мониторингі жүйесі студенттер мен оқытушылар тұрғысынан сыбайлас жемқорлықты қабылдау индексін анықтауға мүмкіндік береді. Бұл жүйе оқытушылардың корпоративтік мәдениет нормалары кодексі мен кәсіби құндылықтарды ұстануы, білім беру және оқу-тәрбие үдерісінің ашықтығы дәрежесі, оқу жетістіктерін және академиялық шынайылықты бағалаудың объективтілігі, көрсетілетін қызмет сапасы деңгейімен қанағаттану дәрежесі және жоо ортасында жосықсыз тәжірибелердің таралуы сияқты маңызды көрсеткіштер бойынша бағалауды қамтиды. 2020 жылы университет бойынша сыбайлас жемқорлықты қабылдау индексі 10 баллдың 9,11-ін құрады (нөл сыбайлас жемқорлық деңгейін білдіретін меже бойынша жоғарғы, 10 – төменгі деңгейді білдіреді). Жалпы алғанда, сауалнамалар индексі тұрақты оң динамиканы көрсетуде – бес жыл ішіндегі алшақтық 12,3%-ға жетіп, жосықсыз тәжірибеге жолықпаған студенттер үлесі артқан. Зерттеу мәліметтері бойынша студенттердің 95,7%-ы университетте теріс пиғылды жағдайларды кездестірмеген, ал 73%-ы олардың кез-келген көрінісін айыптайды. Сауалнама нәтижелері бойынша студенттер оқытушылардың 85%-дан астамының қызметін жоғары бағалайды. Сонымен қатар, ректорат мүшелерінің назарына барлық факультеттер бойынша студентер және әріптестер көзқарасы бойынша төмен бағаланған оқытушылар тізімі ұсынылды. Факультет бойынша студенттердің оқуына қанағаттануды бағалау ең жоғарғы көрсеткіш 4,56-дан 3,88-ге дейін өзгереді. Сауалнама нәтижесінде студенттердің академиялық әділетсіздік жағдайларына қатысты көзқарастары анықталды. Осылайша, зерттеу барысында сұралғандардың жартысынан астамы оқыту кезінде шпаргалкаларды пайдалануға жол берілмеу қажеттілігін атап өтті. Сонымен қатар, 34,8%-ы осы құбылысты жақтап пікір білдірді, бұл студенттік ортада академиялық адалдық нормалары мен қағидаларын қалыптастыру бойынша одан әрі жұмысты күшейту қажеттілігін куәландырады.
Пандемия жағдайында студенттер үшін денсаулық құндылықтарының маңызы әдеттегіден арта түсті – бұл көрсеткіш 60%-дан астамында белгіленген, студенттердің 50%-дан көбі аталмыш кезеңде психологиялық және қаржылық сынды әр түрлі өмірлік ауыртпашылықтарға тап болған. Сонымен қатар, әрбір үшіншісінде интернетке үздіксіз қол жеткізуде қиындықтар туындаған, әрбір төртіншісі үй жағдайында компьютерлік жабдықталудың жеткіліксіздігін және осыған байланысты жаңа материалды игерудегі қиындықтарды атап көрсетті. Дегенмен, студенттердің 75%-дан астамы қашықтықтан білім алу кезеңінде алынған тәжірибе мен жаңа мүмкіндіктерге оң баға берді.
Дәстүрлі түрде зерттеу нәтижелері бойынша бөлімшелердің сыбайлас жемқорлыққа қарсы рейтингісі ұсынылды. Аталмыш рейтинг нәтижеге бағытталған басқару аясында енгізілген оқытушылар, кафедралар, факультеттер қызметін жыл сайынғы кешенді рейтингтік бағалаудың маңызды құрамдас бөлігі болып табылады. Оның негізінде жыл сайын факультет декандары, кафедра меңгерушілері және барлық профессорлық-оқытушылық құрам лауазымдарына байқау жүргізіледі. Қазіргі уақытта әл-Фараби атындағы ҚазҰУ еліміздің жоғары оқу орындары арасында алғаш болып ISO 37001:2016 стандартына сәйкес университеттің сыбайлас жемқорлыққа қарсы әрекет ету менеджменті жүйесін сертификаттау рәсімін қолға алды.