Жаңалықтар

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті ұжымының Қазақстанның ғылыми-білім беру және бизнес қоғамдастығына ҮНДЕУІ

08.06.2020

Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің үшінші отырысында сөйлеген сөзі барлық қазақстандықтар үшін маңызды оқиға болды. Ел Президенті өз сөзінде экономиканың маңызды салаларын айқындайтын ғылым мен білімді реформалаудың маңызды бағыттарын атап өтті.

Президент ел тарихында алғаш рет барлық мемлекеттік саясат жаңа экономиканың негізгі салалары болып табылатын ғылым мен білімді дамытуға бағытталуы тиіс екенін нақты мәлімдеді. Сонымен қатар, Президент қазіргі әлемдегі кез-келген мемлекет үшін басты критерий адами капитал болып саналатынын ерекше атап өтті, оны қалыптастыруда білім беру жүйесіне үлкен рөл тиесілі, яғни балабақшалардан бастап университеттерге дейін білім берудің барлық деңгейлері креативті зияткерлік ұлттың қалыптасуына жауапты. Елдің бәсекеге қабілеттілігі, атап айтқанда, Елбасының Қазақстанның әлемнің бәсекеге қабілетті 30 елдің қатарына кіру жөніндегі тапсырмасының орындалуы ғылым және білім беру жүйесінің даму деңгейіне байланысты. Бұл ретте, дамыған елдердің үлгісі бойынша қазақстандық жоғары оқу орындары елдің ұлттық инновациялық жүйесінің және ғылыми ауқымды экономиканы дамытудың зияткерлік драйверлері болуға тиіс. Осыған байланысты, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ұжымы ғылыми-білім беру саласын жаңғырту елдің прогрессивті дамуының кепілі болып табылатындығын терең түсінеді. Қазақстанның бәсекеге қабілетті елдер қатарына кіруінің маңызды факторлары – әлемдік деңгейдегі ғылыми кадрларды даярлау сапасын арттыру, жоғары сапалы ғылыми зерттеулер жүргізу және білімге негізделген ғылыми ауқымды экономиканы қалыптастыру.

Президент атап өткендей, ірі отандық кәсіпорындардың, компаниялардың жоғары оқу орындарымен және зерттеу институттарымен өзара тығыз байланыс орнатуы өте маңызды, бұл инновациялық экономиканы құрудың неғұрлым тиімді үлгісі – «үштік спираль» моделі болып табылады.

Әрбір мұғалім, оқытушы және ғалым мемлекет олардың еңбегін елдің дамуының негізін қалаушы деп танитынын, жас ұрпақты оқытумен қатар, сапалы зерттеулерді жүргізу, олардың нәтижелерін өндіріске, экономиканың нақты секторына және елдің дамуына енгізуге өзінің игілікті міндетін орындауы үшін барлық қажетті жағдайды жасайтынын түсініп білуі тиіс. Бұл біздің әрқайсымызға үлкен жауапкершілік жүктеуімен қатар, бізді үлкен жетістіктерге жұмылдырады, өйткені бүгінгі күн біздің күш-жігерімізге байланысты, ал елдің болашағы біздің балалар мен немерелерімізге тәуелді.

Тәуелсіздіктің отыз жылы ішінде біздің халқымыз түрлі сын-сынақтардан өтіп, әрқашан кез келген міндеттерді бірге шеше алатынын дәлелдеді. Президенттің ғылым мен білімді елдің әлеуметтік-экономикалық дамуының қозғаушы күшіне айналдыру мақсатындағы қазақстандықтардың алдына қойған жаңа міндеттері назарымыздан тыс қалмайтынына сенімдіміз. Біз білім мен ғылым жүйесін экономикамен барынша ықпалдастыру, базалық экономикалық сала ретінде ғылым мен білім беруді қалыптастыру мақсатында экономикалық дамудың драйверлерін қайта құруымыз керек, бұл бүкіл елді жаңғыртуға алып келеді!

Ұлы ойшылдар Әл-Фараби мен Абайдың мерейтойлық жылы «Қайырымды қоғам» және «Кемел Адам» туралы сөздері елдің жаңа дамуындағы маңызды бұрылыстың бейнесіне айналатыны терең нышандық мәнге ие.

Біз, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті ұжымының мүшелері Мемлекет басшысының қойған міндеттерін толық қолдай отырып, ғылыми-білім беру және бизнес қоғамдастықтың ортақ мақсатына жету үшін туған жеріміз – Қазақстанды жоғары зияткерлік, жоғары дамыған және бәсекеге қабілетті елге айналдыруға күш-жігерді біріктіруге шақырамыз!

Біз табысқа бірге жетеміз! Біз біргеміз!