Жаңалықтар

THE: ҚазҰУ менеджментінің жоғары бағасы

29.06.2020

Әлемге белгілі «Times Higher Education» агенттігінің зерттеу қорытындысы бойынша әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті үздік менеджменті бар Азиядағы жоғары оқу орындарының топ-10 көшбасшысы қатарына кірді.

Жетекші қазақстандық университет «THE Asia Award-2020» рейтингінің көшбасшылық және менеджмент бойынша үздік команда номинациясында «Outstanding Leadership and Management Team» атап өтілді. Өзінің жоғары бәсекеге қабілеттілігі мен басқару тиімділігін растай отырып, ҚазҰУ посткеңестік кеңістіктегі елдердің жалғыз жоғары оқу орны болып құрлықтағы 10 мыңнан астам жетекші университеттері арасында үздік ондыққа енді.

Үдерістік менеджмент, нәтижеге бағытталған басқару мен қызметті бағалаудың рейтингтік жүйесін енгізу, барлық бизнес-үдерістерді автоматтандыру, Smart-технологиялар мен Big Data пайдалана отырып сандық инфрақұрылымды, сондай-ақ ақпараттық зияткерлік-сараптамалық жүйені құру, ҚазҰУ-дың жетекші орынды иеленіп отырған көптеген әлемдік рейтингтерде табысты және қарқынды жылжуының кепілі болды. Қазіргі уақытта алдыңғы қатарлы ҚазҰУ-дың тәжірибесін шетелдік жоғары оқу орындары зерттеп, қабылдап жатыр, ал Майкрософт компаниясы университетті дамытудың сандық моделін үздік тәжірибелердің бірі ретінде мойындады. 

Айта кетерлік жайт, биыл Делидегі бүкіләлемдік INBUSHERA-2020 саммитте ҚазҰУ ректоры Ғалым Мұтанов менеджмент және жаһандық деңгейдегі кәсіпкерлік, ғылым саласындағы белгілі новатор ғалымдарға берілетін «Amity Global Academic Excellence Awards» халықаралық сыйлығына ие болды.