Жаңалықтар

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы технологиялар

28.06.2020

Жастар арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы сананы қалыптастыру әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ұйымдастырған онлайн-конференция барысында талқыланды.

Жастар арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы дүниетанымды қалыптастырудың өзекті мәселелері және сыбайлас жемқорлықтың кез-келген көріністеріне төзбеушілік мәселесі елдегі ЖОО, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет өкілдері және қоғам өкілдері қатысқан онлайн-шараның күн тәртібіндегі басты тақырып болды.

Бұл тәрбие жұмысының маңызды міндеттерінің бірі екенін түсінетін ҚазҰУ-дың аталмыш онлайн конференцияның ұйымдастырушысы болуы кездейсоқ емес. Еліміздің жетекші университеті негізінде жастардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы санасы мен мәдениетін қалыптастыру бойынша ғылым мен білім беру кластері құрылды, оның өзегі «сыбайлас жемқорлыққа қарсы технологиялар» ҒЗИ болып табылады. Оның мақсаты – жосықсыз тәжірибелерді жоюға бағытталған жаңа тәсілдер мен технологияларды әзірлеу, негізін парасаттылық, іргелі іздестіру және қолданбалы ғылыми зерттеулерді ұйымдастыру мен жүргізу құрайтын сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру.

Коронавирус пандемиясы мен карантин жағдайында іс-шара онлайн режимінде ұйымдастырылды. «Sanaly Urpaq» республикалық жобалау кеңсесінің жетекшісі Қайыржан Тоқышев, ҚазҰУ проректорлары: Шолпан Жаманбалаева және Асқар Хикметов, тәрбие жұмысы жөніндегі департамент директоры Жұлдыз Есімова, сыбайлас жемқорлыққа қарсы технологиялар ҒЗИ ғылыми кеңесшісі Гүлнар Үсеинова және т.б. баяндамалар жасады.

Қ.Тоқышев ҚазҰУ ұжымы мен басшылығын оқу жылының табысты аяқталуымен және QS әлемдік рейтингісінде әлемдегі үздік 200 ЖОО-ның қатарына қосылуын атап өтіп, қатысушыларға құттықтау сөз сөйледі.

ҚазҰУ-дың әлеуметтік даму жөніндегі проректоры Ш.Жаманбалаева: кез-келген теріс пиғылды тәжірибеге төзбейтін ортаны құру – білім беру процесіне қатысушылардың көп күш-жігерін талап ететін үздіксіз жұмыс екендігін атап өтті. ҚазҰУ-да ол жаңа буын ЖОО «Университет 4.0» моделі аясында жүргізіледі. Біз, әл-Фарабидың «тәрбиесіз берген білім – адамзаттың қас жауы» идеясын басшылыққа аламыз. Осы модель аясында ҚазҰУ білім беру, зерттеу, инновациялық-кәсіпкерлік және рухани-адамгершілік миссияларын іске асыруда. Жастар арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы көзқарасты қалыптастыру бірінші кезекте. Осыған байланысты барлық университет ұжымының басты міндеті – әрбір студентке сыбайлас жемқорлыққа қарсы иммунитетті, сыбайлас жемқорлықты қабылдамау идеяларын және кез-келген теріс пиғылды тәжірибелерден сақтану үшін жағдай жасау».

Спикер өз сөзінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл және студенттер арасында нөлдік төзімділікті қалыптастыру саласындағы жетістіктер туралы егжей-тегжейлі айтып берді. Университет ортасында парасаттылық пен академиялық адалдық нормаларын насихаттау және ілгерілету мақсатында жемқорлыққа қарсы стандарт қабылданды, оқытушылар мен қызметкерлердің корпоративтік мәдениет кодексі, студенттердің ар-намыс кодексі әзірленіп енгізілді, білім беру сапасы бойынша Академиялық кеңес құрылды. Университетте ИСО 370001 сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл менеджмент сапасының халықаралық стандартқа сәйкестігін сертификаттауға дайындық басталды, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында ашықтықты қамтамасыз ету бойынша технология әзірленіп енгізілді. Студенттер мен оқытушылар арасындағы сауалнама негізінде жыл сайын өткізілетін мониторинг сыбайлас жемқорлыққа қарсы қабылданған саясат пен шаралардың тиімділігін бағалауға мүмкіндік береді.

ҚазҰУ-дың оқу ісі жөніндегі проректоры А.Хикметовтың баяндамасы академиялық адалдық пен корпоративтік мәдениетке арналды. «Корпоративтік мәдениет біздің оқытушылар тарапынан да, студенттер тарапынан да қалыптасуы тиіс. Сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілік екі жақты болуы тиіс. Мәдениет біздің ЖОО-ның құндылықтары мен дәстүрлеріне, көшбасшылық жүйесіне, стандарттар мен нормаларға, университет қауымдастығына қатысушылардың әрқайсысының мінез-құлық үлгілеріне негізделген», - деп атап өтті проректор. Спикер академиялық адалдық мәдениеті ұғымының мәнін ашып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметті сертификаттаудың маңыздылығына тоқталды. Баяндамада оқу нәтижелерін бағалаудың ашықтығы мен объективтілігін қамтамасыз ету технологиясының, оның ішінде онлайн форматта емтихан тапсырудың толық сипаттамасы берілді.

Заң ғылымдарының докторы, профессор Гүлнар Үсеинова онлайн-вебинарда «мүдделер қақтығысы – жоғары оқу орындары жүйесінде сыбайлас жемқорлықтың пайда болу қаупі» тақырыбында баяндама жасап, сыбайлас жемқорлықтың пайда болу механизмдерін ашып, олардың алдын алу әдістеріне егжей-тегжейлі тоқталды. Сондай-ақ, ол ҚазҰУ-да енгізілген жастардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы дүниетанымын қалыптастыру технологияларын жоғары бағалады.

Баяндама жасаған спикерлер жастардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы санасын қалыптастыру бойынша жұмыс тәжірибесімен бөлісіп, онлайн конференцияға қатысушылардың сұрақтарына жауап берді.

www.kaznu.kz