- Негізгі бет
- Жаңалықтар
УНИВЕРСИТЕТ 4.0: ӘЛЕУМЕТТІК ЖАУАПКЕРШІЛІК ТРАЕКТОРИЯСЫ
27.07.2020Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті халықаралық онлайн-вебинар аясында корпоративтік әлеуметтік жауапкершілікті жүзеге асыру тәжірибесімен бөлісті. Әлеуметтік жауапкершілік жөніндегі Араб кеңесі (АCSR) ұйымдастырған іс-шараға QS беделді рейтинг агенттігінің, Араб университеттері одағының және ACSR-ге мүше жоғары оқу орындарының өкілдері қатысты.
Вебинар жұмысын бастай отырып, ACSR Бас хатшысы Ранда Ризк идеялар, ресурстар және тәжірибелермен алмасудың, сондай-ақ жоғары білім беру саласындағы әлеуметтік жауапкершіліктің жаһандық қозғалысын дамытудағы университеттер ынтымақтастығының маңыздылығын атап өтті.
Quacquarelli Symonds өкілдері университеттер жаңа сын-қатерлерге, соның ішінде COVID-19 ықпалына қалай жауап беруі тиіс деген ой пікірлерімен бөлісті. «Университеттер студенттердің еңбек нарығының жаңа қажеттіліктеріне дайындығын қамтамасыз етіп, университет қабырғасынан шыққан кезде сұранысқа ие болулары үшін оларға тиісті біліктіліктерді үйрету қажет», - деп атап өтті QS Жаһандық серіктестік жетекшісі Зоя Зайцева. MENA & South Asia QS өңірлік директоры Эшвин Фернандес университеттер Мыңжылдықтың даму мақсаттарын басшылыққа ала отырып, тұрақты даму саласындағы бағдарламаларын алға жылжытып, іске асыру қажеттігіне назар аударды.
Семинарға қатысушылар әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің тәжірибесіне үлкен қызығушылық танытты. ҚазҰУ проректоры Шолпан Жаманбалаева «Университет 4.0» моделі аясында жүзеге асырылып жатқан әлеуметтік жауапкершілік саясаты мен тәжірибесі туралы айтып берді. Оның негізін Ұлы ойшыл әл-Фарабидің ізгілікті қоғам ілімі құрайды, онда әрбір тұрғын бір-біріне өзара көмек көрсету арқылы жалпыға ортақ игілікке, яғни бақытқа қол жеткізуге ұмтылады. Бұл модельді ҚазҰУ БҰҰ-ның тұрақты даму жөніндегі «Академиялық ықпал» бағдарламасының Жаһандық хабы ретінде әзірлеп, енгізді. Ол білім мен инновацияның өндірушісі мен «жолсерігі» рөлінен бастап, мәдениет пен қоғамның «түрлендірушісі» миссиясына дейінгі университеттің ықпал ету аясын кеңейтуге бағытталған. Бүгінгі күні БҰҰ ұсынымы бойынша «Университет 4.0» моделі халықаралық деңгейде таратылуда.
Әлеуметтік жауапкершілік тәжірибесі ҚазҰУ-да бірнеше қоғамдық деңгейде жүзеге асырылады. Бастапқы деңгейде университеттік қоғамдастықтың әрбір мүшесі ішкі және сыртқы ортаны жақсарту бойынша өзіне міндеттемелер алуы тиіс деген міндеттеме қойылған. Бұған «Айналанды нұрландыр», «ҚазҰУ – Гринкампус» және т.б. жобалар бағытталған. Студенттерді қайырымдылыққа баулу бағдарламалары енгізілуде, ізгілік этикасы бойынша арнайы оқу курстары және университеттік «парасаттылық мектебінің» жұмысы осы шараның маңызды құрамдас бөліктері болып табылады.
Әлеуметтік жауапкершіліктің аймақтық және ұлттық деңгейлері ҚазҰУ-дың жергілікті қоғамдастық пен қоғамның өзекті әлеуметтік мәселелерін шешуге қатысуы арқылы жүзеге асырылады. Халыққа қажетті құзыреттерді беруге және оның әлеуметтік хал-ахуалын жақсартуға бірқатар жобалар бағытталған. Оларға азаматтарды кәсіпкерлік дағдыларға оқыту, сотталғандарды қашықтықтан оқыту, әлеуметтік осал отбасылардан шыққан балаларға арналған кәсіптік бағдар беру бағдарламалары, құқықтық сауаттылықты арттыру жөнінде кеңес беру, халық арасындағы дауларды медиация әдістерімен шешу және басқа да көптеген жобаларды жатқызуға болады. Пандемиямен күрес жағдайында ҚазҰУ зертханаларында IСESCO халықаралық ұйымы тарапынан қолдау тапқан коронавируспен күрес бойынша ғылыми жұмыстар жүргізілуде. ҚазҰУ арнайы қорғаныс шлемдерін шығаруды ретке келтіріп, оларды Алматы қалалық медициналық мекемелеріне тегін тапсырды. Университет өз инфрақұрылымын – жатақханалар мен диагностикалық орталықтарын – медицина қызметкерлері мен халыққа қызмет көрсету үшін ұсынды. Ерікті-студенттер колл-орталықтар мен халықты қолдау және дәрі-дәрмек жеткізу қызметтерінде жұмыс істеуде.
Халықаралық деңгейде әлеуметтік жауапкершілікті көрсете отырып, ҚазҰУ БҰҰ-ның Жаһандық Хабы ретінде «Университет 4.0» моделін БҰҰ Өркениеттер Альянсымен бірлесіп «Ізгілікті қоғам азаматтарын қалыптастыру. Қазіргі заманғы университеттердің миссиясы» жобасын халықаралық деңгейде жүзеге асыруда. Оны жүзеге асыруға әлемнің 12 жетекші жоғары оқу орындарындағы әл-Фараби орталықтары іске қосылды. Посткеңестік кеңістіктегі жоғары оқу орындарының ішіндегі әлеуметтік-жауапты университеттердің (USRN) халықаралық желісіндегі жалғыз өкілі бола отырып, ҚазҰУ аталған ұйымның мүшелері үшін «Ізгілікті қоғам жолында: әлеуметтік жауапкершілікті университеттің әлеуметтік-гуманитарлық орталықтарының қызметіне қосу» атты семинар ұйымдастырды.
Әлеуметтік жауапкершілік бойынша онлайн-вебинар қызықты пікірталас және сұрақтар мен жауаптар сессиясымен аяқталды, оның шеңберінде спикерлер мен қатысушылар ақпаратпен және практикалық жұмыс тәжірибесімен бөлісті.