- Негізгі бет
- Жаңалықтар
Алғаш рет Абайдың он томдық шығармалар жинағы басып шығарылды
18.08.2020Қазақстанның мәдени, әдеби, сондай-ақ баспа өмірінде тұңғыш рет қазақ халқының ұлы ақыны, композиторы, данышпан ойшылы және аса көрнекті дана тұлғасы Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойына арналған ақынның он томдық толық шығармалар жинағы жарықққа шықты. Жинаққа Абайдың шет тілдеріне аударылған өлеңдері мен қара сөздері кірді.
Абайдың өлеңдерін орыс тіліне аударған орыстың ХХ ғасырдағы ұлы ақындарының бірі Юрий Кузнецов, ал «Қарасөзін» орыс тілінде сөйлеткен аудармашы Клара Серікбаева. Абайдың мәтінінде кездесетін араб, парсы, түрік сөздерінен енген сөздер мен ұғымдар туралы ескертулер де К.Серікбаеваға тиесілі екенін айта кету керек.
Ақынның өлеңдері мен прозалық шығармаларын ағылшын тіліне аударған әйгілі аудармашы, тюрколог Ричард МакКейн. Өз кезінде Ричард МакКейн түріктің ұлы ақыны Жүніс Емренің, Жалаладдин Румидың, орыстың ұлы ақындары Анна Ахматованың, Борис Пастернактың өлеңдерін ағылшын тіліне аударған. Ричард МакКейннің аудармалары белгілі «Pеnguin» баспасынан басып шығарған.
Абай Антуан Гарсианың аудармалары арқылы француз тілінде сөйлей бастады. Антуан Гарсиа Лев Толстойдың, басқа да атақты орыс жазушыларының шығармаларын аударып, Парижде басып шығарған.
Гетенің тіліне, яғни неміс тіліне аударманы Лариса Захарова Германиядан келген аудармашы Ханс Фрайтагтың қатысуымен жүргізді. Л.Захарова Қазақстанның тумасы, ол неміс, қазақ, орыс тілдерін жете меңгерген. Сондай-ақ, әлемнің әдеби орталарында кеңінен танымал аудармашы және баспагер Лео Кошут Абайдың өлеңдерін неміс тіліне аударды.
Абайдың философиялық дүниетанымын өз тілдерінде жеткізу үшін, аудармашылар, әлбетте, қазақ даласының кемеңгер ойшысы көтеріп отырған адами-құлықтық, рухани ой-толғамдарына алдымен өздері қанық болды. Өйткені, Абайды толғандырған ойлар ХХІ ғасырда да бүкіл адамзат үшін өзекті мәселе болып қалуда.
Абайдың еңбектері Роллан Сейсенбаевтың ұйымдастыруымен Лондондағы «Абай Үйінде» шет тілдерге алғаш рет аударылып, кітап болып басып шығарылды. Жақын болашақта «Халықаралық Абай Үйі» тұңғыш рет ақын шығармаларын факсимиле түрінде басып шығаруды жоспарлауда. Абайдың бір томдық таңдамалы шығармалары Американың «Amazon» баспасында жарық көрмек. Айта кетерлік жайт, осыдан бірнеше жыл бұрын клуб парсының ұлы ақыны Фирдаусидың «Шахнаме» эпосының қыпшақ тіліндегі аудармасының факсимилесін басып шығарған болатын.
Жинақтың тоғызыншы томы – «Абай туралы сөз» толығымен әлем елдерінің әйгілі әдебиетшілері, ақын-жазушылары, ғалымдары мен дін қайраткерлерінің Абай туралы ойларына арналған. Бұл Абай әлемінің бүкіл адамзатқа ортақ рухани құндылық екенінің тағы бір дәлелі.
«Абай лебі, Абай үні, Абай тынысы – заман тынысы, халық үні. Бүгін ол үн біздің де үнге қосылып, жаңғырып, жаңа өріс алып тұр». Бәлкім, Мұхтар Әуезовтың бұл сөздері тарихи шындыққа айналуда.