- Негізгі бет
- Жаңалықтар
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы жұмысты жандандыру
24.08.2020Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да ректораттың кеңейтілген отырысында ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша сөйлеген сөзінің негізгі тұжырымдарын талқылады. Мемлекет басшысы түрлі салалардағы сыбайлас жемқорлыққа алып келетін жағдайларға сапалы талдау жүргізу қажеттігін атап өтті. Бұл бағыттағы қызметтің тиімділігін бағалау анықталған пара фактілерінің санына емес, «сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, тәуекелдері азайту және мемлекеттік қызметтерді алу кезіндегі кедергілерді жою бойынша қабылданатын шараларға негізделуі тиіс».
Күн тәртібі бойынша әдеп және сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне қарсы іс-қимыл жөніндегі уәкіл, проректор Шолпан Жаманбалаева сөз алды. Ол әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да сыбайлас жемқорлық көріністерінің алдын алу, болдырмау және тәуекелдерін төмендету бойынша жүйелі жұмыс жүргізілуде екендігін атап өтті. 2011 жылдан бастап «Сыбайлас жемқорлықтан тыс университет» жобасы іске асырылуда, оның шеңберінде қызметтің барлық бағыттары бойынша ашықтықты, айқындықты және бақылауды қамтамасыз ету бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы технологиялар кешені енгізілуде. Сондай-ақ, этикалық нормалар мен жосықсыз тәжірибелерге нөлдік төзімділік қағидаты негізінде корпоративтік идеология енгізілуде. Әлеуметтік сауалнамалардың 7 жыл бойғы әзірленген және сынақтан өткізілген әдіснамасы негізінде тұрақты түрде сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг жүргізіледі.
Қазіргі уақытта МСПК-ISO370001 енгізуге дайындық жүріп жатыр. Ағымдағы жылдың қыркүйек айының соңына қарай ішкі аудит және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін өзіндік талдау рәсімін аяқтау, содан кейін сыртқы аудитке көшу және 2020 жылдың қазан айында сертификаттауды аяқтау жоспарлануда. ҚазҰУ-да жаңа оқу жылынан бастап енгізілетін бірқатар нормативтік құжаттар әзірленді. Олар: «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саясаты»; «Сыйлықтар мен өкілдік шығыстар туралы ереже», «Мүдделер қақтығысын шешу саясаты»; «Еңбек шартына және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саясатын сақтау бойынша білім беру қызметтері туралы шартқа қосымша келісім». Алқалы органдар мүшелерінің қағидаттары мен жауапкершілігін және сыбайлас жемқорлыққа қарсы тәуелсіз сараптама мен құқық қолданудың қоғамдық мониторингі рәсімін көздейтін «Корпоративтік басқару кодексін» енгізу дайындалуда.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі отырыста Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев цифрландыруға және Е-қызмет көрсетуге ерекше назар аударды, бұл сөзсіз «адами факторды» және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтуға ықпал етеді. Айта кету керек, ҚазҰУ Орталық Азиядағы алғашқы цифрлық смарт-университет болып табылады, онда жаңа ақпараттық-коммуникациялық технологиялар студенттерді қабылдаудан бастап бітіргенге дейінгі барлық процестерге енгізілген. Бұл соңғы жылдары оқу-білім беру қызметіндегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жоюға әрі едәуір азайтуға мүмкіндік берді. Осы мақсатта ҚазҰУ-да 2014 жылы «Керемет» қызмет көрсету орталығы ашылды, онда студенттер «бір терезе» қағидаты бойынша 500-ден астам түрлі қызмет алады. Университет Е-қызметтер тізбесін кеңейту бойынша жұмысты жалғастыруда. Білім беру процесі мен құжаттардың деректерін сақтауды қамтамасыз ету үшін блокчейн технологиясын енгізу, білім беру қызметтерінің сапасын алдын-ала талдау үшін жасанды интеллектті пайдалану, сондай-ақ жасанды интеллект элементтерімен MS Teams қашықтықтан оқыту бойынша цифрлық қызметті біріктіру және автоматтандырылған кері байланыс үшін чат-боттардың жұмысын ұйымдастыру жоспарлануда.
ҚазҰУ-да сыбайлас жемқорлыққа қарсы кешенді институттар енгізілді: сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті және сыбайлас жемқорлыққа қарсы сананы қалыптастыру бойынша ғылыми-білім беру кластері құрылды, оның ішінде «Саналы ұрпақ» жобалық кеңсесі, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы технологиялар ҒЗИ және «Азаматтық бақылау» қоғамдық қабылдау бөлмесі бар. Факультеттерде Әдеп жөніндегі комиссиялар және университеттің сыбайлас жемқорлыққа қарсы комиссиясы белсенді жұмыс істейді. «Парасаттылық мектебі» және «Саналы ұрпақ» студенттік клубы құрылды, «Студенттерді парасаттылық пен ізгілікке оқыту» жобасы іске асырылуда.
Отырыс барысында «Sanaly urpaq» республикалық жобалық кеңсесінің басшысы Қайыржан Тоқышев қатысушылардың назарын түрлі салалардағы сыбайлас жемқорлыққа алып келетін жағдайларға сапалы талдау жүргізу қажеттігіне аударды. Ол осы бағыттағы қызметтің тиімділігін бағалау сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, тәуекелдерін азайту және мемлекеттік қызметтерді алу кезіндегі кедергілерді жою бойынша қабылданатын шараларға негізделуі тиіс екенін атап өтті. Қ.Тоқышев білім беру процесінің ашықтығы мен айқындығын арттыру бойынша шаралар қабылдауды, ҚР БҒМ сыбайлас жемқорлыққа қарсы стандартын енгізу және сақтау, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендету және ЖОО-ның бизнес-процестерінде заманауи цифрлық технологияларды қолдану бойынша жұмыстар жүргізуді ұсынды.
ҚазҰУ-да сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саясаты бәсекеге қабілетті, адал және жоғары білікті мамандарды даярлауға бағытталған, олар өз күштерімен табысқа жетіп, белсенді өмірлік ұстанымы бар қоғамға құрметті азаматтар болулары қажет. Айта кету керек, бүгінде ҚазҰУ-дың сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласында университетте енгізіп жатқан озық тәжірибесі Қазақстанның басқа да жоғары оқу орындары тарапынан белсенді түрде қабылдануда.
Онлайн-мәжілістің белсенді қатысушылары өзара пікір алмасып, спикерлерге сұрақтар қойылды, сыбайлас жемқорлыққа қарсы жұмысты жақсарту және оның тиімділігін арттыру бойынша ұсыныстар жасалды. Олар сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендетуге және ЖОО қызметінің ашықтығы мен айқындылығын белгілеуге бағытталған ұсыныстарды бірауыздан қолдады.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры академик Ғалым Мұтанов онлайн отырыстағы талқылауды қорытындып сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарының алдын алу бойынша алдағы кезеңге арналған міндеттерді нақты орындау мерзімдері мен жауапты тұлғаларды анықтады.