- Негізгі бет
- Жаңалықтар
Елеке сазының алтын бұйымдары
10.09.2020Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ археологтары Елеке сазы алқабында, Тарбағатай (ШҚО) тау бөктерінде сақ қоғамы көсемінің ат шеруіне арналған алтын әшекейлер тауып, сенсациялық жаңалық ашты.
Сенсациялық жаңалық «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Шығыс Қазақстан облысы әкімдігі ұйымдастырған Шілікті-Тарбағатай экспедициясы кезінде жасалды. Ғылыми жобаны орындаушылар мен археологиялық экспедицияға қатысушылар Қазақ ұлттық университетінің ғалымдары болды. Жоба жетекшісі профессор Әбдеш Ташкенұлы Төлеубаев. Жауапты орындаушылар: археология, этнология және музеология кафедраларының меңгерушілері, PhD докторы Р.С. Жұматаев және кафедра докторанты С. Т. Шакенов.
Қазба жұмыстарының нәтижесінде қабір шұңқыры мен дромос (қабірге апаратын жерасты дәлізі) ашылды (сурет.2). Қабірден адам сүйектері мен керамиканың жеке бөліктері ғана табылды. Сол кезде біз құрылыстың сыртқы тас қабығын, қорғанды қоршап тұрған шұңқырды және қорғанның айналасындағы сегіз тасты жерлеу орындарын зерттеуді шештік.
Қорғанның оңтүстік-шығыс етегінің тас қабығынан ат әбзелдері үшін жасалған алтын әшекейлер табылды. Қазына диаметрі 50 см және тереңдігі шамамен 80 см болатын жер шұңқырына салынған. Бұл жерлеу сөзсіз еске алуға арналған, яғни сол замандағы – марқұм билеушіге, мүмкін оған бағынышты тайпалық бөлімшелерден немесе бірлестіктерден тарту болған. Ол заманда ел билеген көсемдерді қастерлеп жерлеген. Ашылудың құндылығы жарияланған материалдар мен мұражай экспонаттарына сәйкес, әр түрлі мифологиялық сюжеттері, формалары мен бейнелері бар қалың тақтайшалы алтын мен қалың фольгадан жасалған ат әбзелінің осындай түрлі-түсті және бай безендірілуі сако-скиф әлемінің бүкіл кеңістігінде болмағандығымен көрінеді (сурет. 3,4). Сако-скиф ескерткіштеріндегі ат жабдықтары көбінесе қорғанның ішінде немесе сыртында қазына түрінде кездеседі.
Алтын бұйымдардың жалпы саны – 830 бірлік. Табанында алтын көмбесі табылған үлкен қорған орта сақ дәуіріне жатады - б.з. д. V-IV ғғ., яғни 2500-2400 жыл бұрынғы артефактілер. Дайындау технологиясы, материалдары, нысандары мен сюжеттері бойынша алтын әшекейлер алдын ала б.з. д. V - IV ғғ. даталанады және Алтай-Тарбағатай сақтарының ерекше құнды өнер ескерткіштері болып табылады.