- Негізгі бет
- Жаңалықтар
ҚазҰУ Технопаркі ұсынған күн шуақты үй
21.10.2020Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың «Jailau» ғылыми-технологиялық паркінің командасы Solar Decathlon China 2021 халықаралық байқауының финалына шықты және 2021 жылы Қытайдағы қысқы Олимпиада ойындарының қарсаңында Хэбэй провинциясының Чжанцзякоу қаласында экологиялық таза және ақылды үй туралы кешенді шешімін ұсынуға мүмкіндік алды.
China Overseas Development Association компаниясы ұйымдастырған Solar Decathlon China 2021 халықаралық байқауының басталуы туралы 2020 жылдың қаңтарында жарияланды. Осы сәттен бастап ұйымдастырушылардың атына әлемнің түкпір-түкпірінен көптеген өтінімдер келіп түсті. Сарапшылар бағалағаннан кейін SDC 2021 байқауының финалдық кезеңіне әлемнің 12 елінен 33 университеттен 15 команда шықты. Олар: University of California, Berkeley, University of Nottingham, Swiss Federal Institute of Technology Zurich, Tsinghua University, The University of Michigan, The Oslo School of Architecture and Design, Technical University of Denmark, Thomas Jefferson University, RMIT University және басқалары.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ командасы тұрақты даму қағидаттарына сай келетін жасыл күн үйінің үлгісін ұсынды. Жоба авторлары - ҚазҰУ инжиниринг және ғылымды қажетсінетін технологиялар кластерінің жетекші маманы т.ғ.к., Руслан Өтебаев жетекшілік ететін «Jailau» командасы. Команда тұжырымдаманы жасау үшін бірнеше ай жұмыс істеді. Дарынды ғалымдардың күш-жігерін қазылар алқасы бағалады. Команда финалға өтті, онда жобаға сәйкес нағыз жасыл, шуақты үй салынады. Құрылыс үшін барлық қаржылық шығындарды Қытай тарапы өзі көтереді. Айта кету керек, байқау аясында ұсынылған тұрғын үй модельдерінің барлығы нөлдік энергияны тұтынады, яғни әртүрлі жаңартылатын энергия көздерін пайдаланады.
«Біздің команда осы халықаралық байқауда біздің елімізді лайықты көрсететініне сенемін», – деп әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың ғылыми-технологиялық паркінің директоры Әмірхан Темірбаев команданың жетістігіне түсінік берді. – Біздің университет базасында ҚазҰУ ректоры Ғалым Мұтановтың бастамасымен ашылған Жасыл технологиялар орталығы жұмыс істейді. Біздің күншуақ үйіміз экологиялық тұрақты және жайлы «жасыл аймақ» объектілерінің паркін толықтырады.
Solar Decathlon China байқауы біртіндеп жарыстар, көрмелер, форумдар, тренингтер мен ақылды саябақтарды біріктіретін әртараптандырылған алаңға айналды. Байқау күн энергиясын пайдаланудың озық технологияларын ғана емес, сонымен бірге олармен байланысты жаңа идеяларды да қалыптастырады. SD China соңғы он жыл ішінде Қытайдың жаңа энергетикалық саласының дамуына куә болды. Қытайдың бүгінгі саясаты бүкіл әлемнен баламалы энергетика саласындағы үздік идеяларды тартуға бағытталған.