Жаңалықтар

Республикалық жапон тілінен шешендік өнер сайысы өз мәресіне жетті

14.03.2011

2011жылдың 12 наурызда әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да ХІІІ Республикалық жапон тілінен шешендік өнер сайысы өтті.

Бұл сайыстың ұйымдастырушылары - Қазақстандағы Жапония елшілігі, Қазақстандағы жапон тілі оқытушыларының ассоциациясы және әл-Фараби атындағы ҚазҰУ жапонтану кафедрасы. Жапонияда болған жойқын жерсілкінісіне қарамастан, Жапония елшілігі сайыстың өткізу күнін өзгертпестен, солбелгіленген күні өткізуді жөн санады. Өйткені бұл сайыстың жапон тілін меңгеру үшін, біздің мемлекетіміздегі жапон тілінің дамуына, екі ел арасындағы байланыстың нығаюына қосатын үлесі зор.

Сайысты бастар алдында табиғи апаттың салдарынан қаза болған адамдарды бір минут үнсіздік жариялап еске алынды.

Шешендік өнер сайысының ашылу салтанатында Жапония елшілігінің Алматы қаласындағы бөлімшесінің бастығы Масахиро Катамото мырза, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ бірінші проректоры, профессор М.М. Буркітбаев мырза сөз сөйледі.

Сайыста әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Абылай-хан атындағы КазХҚ және ӘТУ және Қазақстан-Жапония адам ресурстарын дамыту орталығынан (Астана қаласы) 13 студент бақ сынасты. Қатысушылардың тақырыптары өте қызықты әрі мазмұнды болды. Масахиро Қатамото мырза бастаған әділ қазылар алқасының шешімімен әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың 3-курс студенті Сейсембаева Айжан 1-орынды иеленді.

Барлық қатысушыларға Жапон қорынан сыйлық - жапон-орыс сөздігі табыс етілді. 1-6 орынды иеленген студенттер сайыс демеушілерінен арнайы сыйлықтар беріліп, 1-орынға ие болған Сейсембаева Айжан 2 апта Жапониядан тіл ұстарту тәжірибесінен өтетін болды.

ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі