Жаңалықтар

Мультимедиялық сторителлинг

16.11.2020

Журналистика факультетінің ұйымдастыруымен «Multimedia Journalism School» қашықтан медиа білім беру жобасы аясында «Мультимедиялық сторителлинг» вебинары өтті. Шараның басты мақсаты білім алушылардың заманауи медиа кеңістікпен танысып, сол әлемде орнығуына, сондай-ақ мультимедиялық тұлғаға айналуына ықпал ету. Журналист әрі пайдаланушы ретінде кез-келген деңгейде жұмыс істеуге үйрету. Интернет дереккөздерінен ақпарат алу, оны ой елегінен өткізу және оңтайлы пайдалану механизмдерін игеру дағдыларын қалыптастыру.

Онлайн вебинарда жас журналистерге дәріс берушілер ҚазҰУ-дың журналистика факультеті оқытушылары мен БАҚ редакторларынан құралған. Олар ҚазҰУ журналистика факультеті баспасөз және электронды БАҚ кафедрасының меңгерушісі, «Медиасфера» гуманитарлық зерттеу орталығының директоры Гүлмира Сұлтанбаева, аталған білім ордасының түлегі, әлеуметтік ғылымдар магистрі, филология және әлем тілдері факультеті «Лингвистика» мамандығы докторантурасын тәмамдаған Санатбек Сейдеханов және журналистика факультетінің үздік түлегі Зарина Буенбаева сынды ұстаздардан құралған. Вебинар сабақтың алғашқы күні журналистика факультетінің студентері мен магистранттары белгілі журналист, «Хабар 24» арнасының тілшісі Ғалымжан Қараманұлының дәрісін тыңдады. Арнайы Лондоннан байланысқа қосылған Ғалымжан Қараманұлының қызықты әңгімесі вебинар тыңдаушыларына Лондондағы қала өмірінің атмосферасын сезіндіріп қана қоймай, үлкен тәжірибе алаңына айналды. Студенттер мен ұстаздар тарапынан қойылған түрлі сауалдарға жауап беріп, әлем және қазақ журналистикасының қазіргі ахуалы жайлы сөз қозғалды. «Ғалымжан аға, қазіргі карантин жағдайы медиа саласын мүлдем басқа арнаға өзгертті. Цифрлық форматқа ақырындап көшіп жатырмыз. Бұл медианың әлдеқайда өсуіне оң өзгеріс алып келді деп ойлайсыз ба?», –деген қатысушы тарапынан келген сұраққа спикер цифрлық форматтың медиа саласын дамытуда үлкен мүмкіндіктер беретінін, бұл форматтың келешегі зор екенін алға тартты. Сонымен қатар, факультеттің белсенді студенті Алмас Бористің: «Қазақстан телеарналарындағы сөз бостандығы жөнінде не айта аласыз? Мысалы, сөз бостандығы жəне журналистика «Репортеры без границ» (РБГ) халықаралық ҮЕҰ жыл сайынғы рейтингі (2020 жыл) бойынша 157 орында тұрмыз. Сөз еркіндігі, сөз бостандығы қашан беріледі деп ойлайсыз?»,– деген сауалына оңтайлы жауап беріп, елімізде сөз бостандығы бар екенін атап өтті. Вебинар тыңдаушыларының тарапынан көптеген сауалдар келе бастады. Ұлыбритания мен Қазақстандағы медиа саласының айырмашылығы, қоғамда өзекті тақырыпқа айналған блогер мен журналистің өмірі, елімізде ақпараттық сауаттылыққа қаншалықты назар аударылып жүргені жайлы толғандырған сауалдар қойылды. Спикердің кәсіби мамандығынан бөлек өмірлік ұстанымы жайлы, неліктен Лондон қаласын таңдағаны студенттер тарапынан қызығушылық тудырды. Сөзінің соңында Ғалымжан Қараманұлы студенттер мен магистранттарға білім жолында сәттілік тіледі.

Ғылым мен техниканың қарыштап дамыған кезеңінде мобильді журналистиканың алар орны ерекше. Осы тақырып аясында студенттер қызығушылығын тудырған сұрақтарына жауап ала білді. Вебинардың жалғасы Санатбек Сейдехановтың орыс тілінде өтетін дәрісіне ұласты. Іс-шараға студенттер мен магистранттардан бөлек университет ұстаздары да қатысып, белсенділік танытты.

Үш күн бойы өткен вебинар сабақтары журналистика саласына қанат қаққан студенттер үшін үлкен мүмкіндік. Осы салада кәсіби түрде қызмет етіп келе жатқан тұлғалардың ақыл-кеңесін тыңдап, тәжірибе алмасқан студенттер өз алғыстарын білдіріп, осындай іс-шаралардың одан ары қарай жалғасын табуын тілге тиек етті. Іс-шара аяқталған соң белсенді қатысушыларға осы курсты аяқтағанын растайтын сертификаттар табысталды.