- Негізгі бет
- Жаңалықтар
Тарихи шежірелі кітап
20.11.2020Әл-Фараби кітапханасында ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, жазушы Сәуле Мағазбекқызының «Қасірет пен тағдыр» және «Үзілмеген үміт» жаңа кітаптарының тұсаукесер рәсімі өтті.
Шараға ҚазҰУ ректоры Ғалым Мұтанов, Қазақстан Жазушылар одағы Басқарма төрағасының орынбасары Бақыт Беделхан, журналистка факультетінің деканы Сағатбек Медеубекұлы, ф.ғ.д., профессор Өмірхан Әбдиманұлы және қоғам қайраткерлері мен БАҚ өкілдері қатысты.
Жиында алғы сөз алған ҚазҰУ ректоры Ғалым Мұтанов: «Бүгін біз әйгілі түлектеріміздің бірі Сәуле Мағазбекқызының «Қасірет пен тағдыр» және «Үзілмеген үміт» жаңа кітаптарының тұсаукесер салтанатына жиналып отырмыз. Ақын университет қабырғасында оқып жүргенде-ақ жас ақындардың «Аудитория», «Тоғыз перне», «Қарлығаш» жыр жинақтарына еніп, «Жігер» фестивалінде лауреат болып республикаға танылған. Еңбек жолын «Социалистік Қазақстан (Егемен Қазақстан)» газеті мен Қазақ радиоларынан бастап, ұзақ жылдар әртүрлі қызметте болған жазушы Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі Аппаратында да жауапты қызметкер болды. Ақын қай ұжымда қызмет арқарса да адалдық пен адамгершілікті әрі ел алдындағы жауапкершілікті биік қоятын рухы асқақ тұлға бола білді. Қолынан қаламын бір сәтке тастамайтын ақын, жазушы және журналисттің бүгінге дейінгі жарық көрген көптеген еңбектері мен шығармалары әртүрлі марапаттарға ие болып келеді. Сондықтан да бүгінгі шараны ұйымдастырған баршаларыңызға алғысымды білдіремін», деді ҚазҰУ ректоры Ғалым Мұтанов.
«Қазақстан Жазушылар одағы да үлкен алғыс білдіріп, тілектес болып жатыр. Себебі, бұл тәуелсіз елімізге 30 жыл толған кездегі қазіргі заманның көзқарасымен жазылған тарихи шежірелі кітап. Мұнда ұлт тағдыры ғана емес, адамзаттың тағдыры суреттеледі. Бұл ядролық сынақ соңғы жылдары ұмытылып бара жатқан тақырып, сондықтан да бұл қаламгерлер арасында және бұқаралық ақпарат құралдары бетінде де әлі де біраз уақыт талқылануы тиіс тақырып. Қазақтың алтын тамырына балта шабылып жатқан тарихтың сәтін 70 жыл өткен соң қайта санадан өткізіп, ұрпаққа өнеге ретінде ұсыну ерлікпен пара-пар», - деді Қазақстан Жазушылар одағы Басқарма төрағасының орынбасары Бақыт Беделхан.
«Үзілмеген үміт» - Қазақстан аумағында атом бомбасын сынақтан өткізіп, ауа мен топырақты былғаған, қара Ертістің мөлдірін улаған ұлт саулығына нұқсан келтірген коммунистік жүйе, адам тағдырын табан астына салған атом технологиясына ұмтылған беймаза ғасыр әкелген індет жайындағы «Қасірет пен тағдыр» романының екінші кітабы.