- Негізгі бет
- Жаңалықтар
Ұлылар үндестігі: Фараби мен Машани
03.12.2020Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да «Ұлылар үндестігі: Фараби мен Машани» атты ғылыми жиын өтті. Жиын аясында Әл-Фараби мен Ақжан Машанидың Түркі академиясы басып шығарған «Книга о словах, употребляемых в логике» және Ақжан Машанидің «Әлем шырайы», «Жібек жолындағы өркениеттер үндестігі» жаңа кітаптарының тұсаукесер рәсімі болды.
Ұлы ойшыл Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жлдық мерейтойы аясында өткен алқалы жиынға ҚазҰУ ректоры Ғалым Мұтанов, Халықаралық Түркі академиясы президенті Дархан Қыдырәлі, Қазақстан Республикасының Ұлттық Ғылым академиясының академигі Әбсаттар Дербісәлі, Қазақстан Республикасының Ұлттық Ғылым академиясының академигі Әлия Бейсенова,
Ақжан Жақсыбекұлының жары Жамал Шорайқызы Машани, тарих ғылымдарының докторы, Л.Гумилев атындағы ЕҰУ профессоры Зада Дүкенбаева, сонымен қатар көрнекті қоғам қайраткерлері, ұлт зиялылары мен ҚазҰУ ғалымдары қатысты.
Жиында алғы сөз алған ҚазҰУ ректоры Ғалым Мұтанов «Әл-Фарабидің рухани-адамгершілік мұрасын насихаттау, қоғамда қайырымды қоғам құндылықтарын таратуға қажетті білім мен дағдыларды ынталандыру мақсаттарын жүзеге асыруда бүгінгі Түркі Академиясымен бірлесе атқарған шаралардың маңызы зор. Мерейтойлық жыл әрине әл-Фараби мұрасын зерделеуге, қайта қарастыруға, көпшілікке кеңінен таратуға жаңа серпін берді», - деп атап өтті.
Өз кезегінде Халықаралық Түркі Академиясының Президенті Дархан Қыдырәлі атаулы жылы атқарылған маңызды шараларға тоқтала келіп, бұл бағыттағы жұмыстар жалғаса беретінін жеткізді.
Шара барысында Әбу Насыр әл-Фараби мирасын жаңғыртуға елеулі үлес қосып, ұлы ойшыл мұраларының шырақшысы болған Ақжан Жақсыбекұлы Машанидің туғанына 114 жыл толғаны да арнайы аталып өтті.
Сонымен қатар, аталған шара аясында Әбу Насыр Әл-Фараби мен Ақжан Машанидың Түркі академиясы басып шығарған жаңа кітаптарының тұсаукесер рәсімдері жасалды. Атап айтқанда, әл-Фарабидің «Книга о словах, употребляемых в логике» трактаты алғаш рет араб тілінен толықтай аударылып, оқырман назарына ұсынылып отыр. Сонымен қатар, Академия баспаға әзірлеген Ақжан Машанидің «Әлем шырайы» атты еңбегі мен «Жібек жолындағы өркениеттер үндестігі» атты ғылыми жинақ та Фараби жылындағы жобалардың табысты нәтижесі болып табылады.
Айта кету керек, шара барысында Академия басшысы Дархан Қыдырәлі түркі әлемі ғылымының дамуына және тарихи тамырластықты зерделеуге қосқан үлесі үшін әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры Ғалым Мұтановты Халықаралық Түркі академиясының Алтын медалімен, ал белгілі шығыстанушы, академик Әбсаттар Дербісәлі Күміс медальмен марапаттады.