Жаңалықтар

Басты мәселе – ғаламшардың жағдайы

04.01.2021

Колумбия университеті (АҚШ) ұйымдастырған Дүниежүзілік Көшбасшылар Форумында БҰҰ Бас хатшысы Антонио Гутерриш «Ғаламшардың жағдайы» тақырыбында сөз сөйледі. БҰҰ-ның тұрақтылық жөніндегі «Академиялық ықпал» бағдарламасының Жаһандық хабын басқаратын әл-Фараби атындағы ҚазҰУ серіктес ретінде жоғары деңгейдегі онлайн кездесуге қатысуға шақырылды.

Колумбия университетінде сөйлеген сөзінде БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш әлем көшбасшыларын 2021 жылды адамзат өзінің «табиғатпен соғысын» аяқтап, ғаламшардың жылуына алып келетін көміртектен бос болашақты құру міндетін қолға алуға шақырды. Антониу Гутерриш 2020 жылғы рекордтық ауа-райы жағдайлары мен жаһандық жылынуды тудыратын қазба отынының өсіп келе жатқан көлемі туралы жаңа есептерге түсінік бере отырып, климаттың өзгеруін тежеуге шақырды. Пандемия салдарынан құлдыраған экономиканы қалпына келтіру мақсатында әлем елдерінің триллион доллар жұмсауда екендігін алға тартып, ол мұны экологиялық таза энергияға баса назар аудара отырып жүзеге асыру қажеттігін атап өтті. БҰҰ Бас хатшысы ғаламшар жағдайының өзекті мәселелерін шешуде білім беру мекемелерінің рөліне ерекше назар аударды.

Жоғары деңгейдегі Халықаралық форум жыл сайын 2012 жылы БҰҰ бастамасымен құрылған және Колумбия университетінің профессоры Джефри Сакс басқаратын БҰҰ-ның Тұрақты даму саласындағы шешімдер желісімен (SDSN) өткізіледі. SDSN-нің басты миссиясы білім беру, ғылыми зерттеулер, саяси талдау және жаһандық ынтымақтастық арқылы тұрақты даму мақсаттары (ТДМ) мен климаттың өзгеруі туралы Париж келісіміне қол жеткізудің кешенді тәсілдерін ілгерілету.

ҚазҰУ-дың аталмыш бағытта бұрыннан бері орнатылған серіктестік байланыстары бар, атап айтқанда, университет 2012 жылы Гарвард, Калифорния Беркли, Колумбия, Цинхуа және т.б. әлемнің жетекші университеттерімен қатар MDP және SDSN жаһандық қауымдастығына кіріп, әлемдік деңгейдегі университеттердің оқыту бағдарламалары негізінде ТМД-дағы жалғыз MDP Global Classroom «Тұрақты даму» бойынша Магистрлік бағдарламасына бастамашы болды.

ҚазҰУ 2014 жылдан бері БҰҰ-ның тұрақты даму бойынша «Академиялық ықпал» бағдарламасының Жаһандық хабын қатарынан төртінші рет басқарып келеді. Университетте БҰҰ-ның 8-ші Бас хатшысының жеке қатысуымен ашылған Пан Ги Мун атындағы Тұрақты даму институты құрылып табысты жұмыс жасауда. Университет ғаламшарды сақтау ісінде академиялық қоғамдастықтың қызметін үйлестіре отырып, қомақты үлес қосу арқылы ТДМ іске асыру бойынша белсенді қызмет атқаруда. Қоршаған ортаны қорғау, тұрақты даму идеяларын ілгерілету, баламалы және жаңартылатын энергия көздері бойынша инновациялық жобаларды іске асыру саласында үлкен жұмыс жүргізілуде.

Еске сала кетейік, бұған дейін ҚазҰУ әлемнің үш университеті қатарында 2012 жылы Рио-де-Жанейрода өткен мыңжылдық «РИО+20» саммитінде өз жеке секциясын өткізу құқығына ие болды. Университет оны Елбасының «XXI ғасырдағы тұрақты дамудың жаһандық энергоэкологиялық стратегиясы» және «Жасыл көпір» бастамаларына арнады, сондай-ақ, басты міндеті тұрақты даму және «Жасыл» экономика, ғылым мен инновациялық технологияларды дамыту қағидаттары негізінде кадрлар даярлау болып табылатын «Жасыл көпір ұрпақтан ұрпаққа» университеттерінің Халықаралық консорциумын құруға бастамашылық етті.

Баяндамасын қорытындылай келе, А.Гутерриш ғалымдар мен студенттердің сұрақтарына жауап бере отырып: «БҰҰ-ның 2021 жылға арналған басты мақсаты көміртегі бейтараптылығын қамтамасыз ету үшін жаһандық коалиция құру. Ойлау үрдісі өзгеруде. Көптеген адамдар «көміртегі ізін» азайту үшін күнделікті таңдау жасау қажеттілігіне көз жеткізуде» - деп баса айтты. Осы тұрғыда БҰҰ Бас хатшысы «жастарды әлеуметтік тұрғыдан жұмылдырудың рухтандырушы көріністеріне» аса назар аударды.

www.kaznu.kz