Жаңалықтар

Тәуелсіздіктің 20 жылдығына – бірегей жетістік

19.03.2011

Испаниядағы үздік жоғары оқу орындарының бірінде бірінші рет қазақстандық докторант диссертация қорғап, PhD докторы дипломын иеленді.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың PhD докторанты Әбдіәділ Асқарұлы Испаниядағы Валейстік политехникалық университетінде (ВПУ) қолданбалы математика мамандығы бойынша өз диссертациясын қорғап, PhD докторы дипломын алды.

2010 жылы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың сол кездегі ректоры, бүгінгі ҚР Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұловтың бастамасымен ҚазҰУ мен ВПУ білім ордалары арасында екіжақты қосдиплом алу келісім-шартына қол қойылған болатын. Келісім-шарт аясында екі университеттің бірінде PhD докторантурада білім алған докторант диссертациясын қорғағаннан кейін аталған келісім-шарт негізінде осы екі оқу орнының да (ҚазҰУ мен ВПУ) дипломына ие болады.

Докторантқа ҚазҰУ-да профессор Юрий Архипов ғылыми жетекшілік етсе, ВПУ-дағы ғылыми жетекшісі профессор Игорь Ткаченко Гурски болды. Ә.Асқарұлының диссертациясы динамикалық құрылымдағы плазманың термоядерлік құрамына негізделген. Ол термоядерлік синтездің энергетикалық құрылымына қолданылады. Отандық және шетелдік зерттеу орталықтарында алынған эксперименталды нәтижені сипаттауда заманауи математикалық тәсілдері қолдану диссертация өзектілігі болып табылады.

Валейсилік политехникалық университетте қорғалған диссертацияда Диссертациялық Кеңес мүшелерінің қатарына белгілі еуропалық ғалым-профессорлар К.Дойч (Франция), К.Герике (Испания) және тағы басқалары шақырылды. Олар бірауыздан қазақстандық жас ғалым ғылыми жұмысын ағылшын тілінде өте сауатты қорғап, пәнді өте жоғары меңгергендігін көрсетті деген пікір білдірді.

ҚазҰУ ректоры Ғалымқайыр Мұтановтың пікірінше, испаниялық ЖОО-ның бірінші PhD докторы дипломы ең алдымен Тәуелсіз Қазақстанның асулы жетістігі мен оның халықаралық ғылым-білім қоғамдастығындағы беріктігінің көрсеткіші. Сонымен қатар бұл – ҚазҰУ-мен шетелдік университеттер әріптестігінің белсенді байланыс нәтижесі.

Қазақстан 2010 жылдан Болон үдерісінің толыққұқылы мүшесі, бұл өз кезегінде Ә.Асқарұлының ВПУ докторантурасына тіркелуіне септігін тигізді. Әбдіәділдің ҚазҰУ-да алған білімі, оқыған пәндері Испания университетінде ескерілді. Нәтижесінде докторантқа диссертациясын қысқа мерзімде (жарты жылдан аса уақытта) қорғап шығуына мүмкіндік берді.

Испанияда PhD бойынша қорғалған алғашқы қазақстандық диссертациядан кейін ВПУ ректоры Хуан Игуаль ҚазҰУ ректоры Ғалымқайыр Мұтанұлына хат жолдап, алдағы уақытта да білім-ғылым кеңістігінде екіжақты әріптестікті нығайта беру туралы ұсынысын айтты.

Бүгінде Әбдіәділ Асқарұлы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ физика факультетінің плазмалы физика, спектроскопия және физикадағы компьютерлік әдістер кафедрасында аға оқытушы болып жұмыс істейді. Ол осы сала бойынша шетелдік ғалымдармен бірлесе отырып ғылыми зерттеуін жалғастыруды жоспарлап отыр.

ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі