- Негізгі бет
- Жаңалықтар
Ұлыстың Ұлы күні ҚазҰУ-да да ұлықталады
19.03.2011«Наурыз айы туғанда, той болушы еді бұл маңда». Ұлыстың ұлы күні әз-Наурыз келгелі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде үлкен мереке бастау алды. Наурыз айы келгелі, университетте түрлі мерекелік шаралар атқарылып, ҚазҰУ қалашығын ерекше көңіл күй кернеді.
Наурыз туа сала, факультеттерде, жатақханаларда наурыз көже дайындалып, ән салып, би биленуде. Ұлттық ойындарымыз ойналып, салт-дәстүрлеріміз насихатталуда. Әз-Наурызда бір-біріне «Ақ мол болсын, Ұлыс оң болсын» деп бата тілеп, жылы лебіздер айтып, мерекені атап өтуде. Осылайша, БҰҰ тарапынан назар аударылып, әлемдік деңгейде тойлану мәртебесіне ие болған Наурыз мейрамының мерейін асырып, насихаттауға ҚазҰУ ұжымы ерекше ден қойып отыр.
Мәселен, экономика және бизнес жоғары мектебі мерекеге орай көрерменге театрландырылған қойылым ұсынса, философия және саясаттану факультеті №9 жатақханада «Наурыз мерекесін» өткізді, ал физика факультеті №14 жатақханада «Қош келдің Ұлыстың ұлы күні - Наурыз» атты салтанатты кеш ұйымдастырды. Тарих факультеті «Наурыз. Думан. Руханият» атты мерекелік басқосу өткізіп, химия факультетінің № 13 жатақханасында «Тұсаукесер» рәсімі көрсетіліп, қол күрестіру бойынша сайыс өткізілді. Жатақханаларда Наурыз көже және қазақтың ұлттық тағамдары дайындалып, студенттер мен оқытушылар ақ дастарханда басқосты.
Бір күн емес, бірнеше күн мерекелеп, ұлықтай түсер Ұлыс күнін тойлау ҚазҰУ-да әлі де жалғасын тауып, университеттің өзге де факультеттерінде бірінен-бірі асатын салтанатты іс-шаралар ұйымдастырыла бермек.
Сонымен қатар, 26 наурызда Ұлыс күні ҚазҰУ-да университеттік деңгейде аталып, мерейлі мерекенің мерейін тасытар кең көлемді іс-шара ұйымдастырылмақ. Бұл күні 3000-нан астам студенттің қатысуымен әз-Наурыздың барлық болмысын, әлеуетін, маңызын насихаттап, әспеттейтін салтанатты жиын өтеді. Бүгінде ҚазҰУ ұжымы мерекеге орайластырылған салтанатты жиынға қызу дайындық үстінде. Ұлыстың ұлы күні қарсаңында мерекелік безендіру арқылы ҚазҰУ қалашығының әсемдігін арттыру қолға алынды. Наурыздың мерейлі мерекесінде ҚазҰУ қызметкерлерінің толық қатысуымен мерекелік дастархан жайылып, «Наурыз көже» таратылмақ.
ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі