- Негізгі бет
- Жаңалықтар
Бангкоктағы Әл-Фараби мұрасы жөніндегі ғылыми семинар
03.01.2021Тайландтың ірі мемлекеттік жоғары оқу орнында «Chulalongkorn University» гибридті (онлайн және оффлайн) форматта «әл-Фарабидің қазіргі әлемге қосқан үлесі» тақырыбында халықаралық ғылыми семинар өтті.
Халықаралық семинар Қазақстан Республикасының Таиландтағы елшілігі және «Chulalongkorn University» мұсылман орталығымен бірлесіп әл-Фарабидің 1150 жылдығын мерекелеу және «Рухани Жаңғыру» бағдарламаларын іске асыру шеңберінде ұйымдастырылды.
Шараға қатысушылар Қазақстанның Таиландтағы Елшісі Раушан Есболатова, «Chulalongkorn University» мұсылмандық зерттеулер орталығының директоры Сравут Ари, «Chulalongkorn University» ғылыми орталығының негізін қалаушы Вин Дахлан, ҚазҰУ-дың философия және саясаттану факультетінің деканы Әлия Масалимова, ҚазҰУ-дың дінтану және мәдениеттану кафедрасының меңгерушісі Айнура Құрманалиеваның, сондай-ақ Иранның Бангкоктағы Елшілігінің кеңесші-уәкілі Казем Ахмадидің алғы сөздері мен баяндамаларын тыңдады.
Өз сөзінде ҚР елшісі Раушан Есбулатова «Адамзаттың екінші ұстазы» деп танылған Әл-Фарабидің ілімі мен мұрасының Қазақстан үшін тұрақты құндылығын жан-жақты ашты.
Ғылыми орталықтың басшысы В.Дахлан шығыстың ұлы ағартушысы логика арқылы философия, әлеуметтану, мораль және дінмен ғылым дамуының синергиясын таба алды деп атап өтті.
Ғылыми семинар аясында «Thammasat University» профессорлары Джаран Малулим, Шех Мухамед Альтафур Рахман және «Assumption University» профессоры Мансун Маликтің қатысуымен пікірталас алаңы өтті. Олар әл-Фарабидің ғылыми еңбегі ізгілікті және кемел қоғамға көшу игілігінде бірігу мен ынтымақтастық идеяларына негізделгенін, оған бүкіл адамзат әлі күнге дейін ұмтылып келе жатқанын атап өтті.
ҚР Елшісі мен басқа да қазақстандық ғылыми аудитория делегаттарының сөз сөйлеуі барысында Қазақстанда жүргізіліп жатқан аса маңызды саяси, экономикалық және әлеуметтік реформалар туралы ақпарат ұсынылды.
Семинар соңында ҚР Елшілігі әл-Фараби туралы кітаптардың бірнеше данасын «Chulalongkorn University» кітапхана қорына тапсырды.