Бүгін, 3 сәуірде әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде ҚР Президентінің кезектен тыс сайлауы өтіп жатыр. Таңғы 7-ден бастап №186 және №187 сайлау учаскесінде дауыс беруге келген студенттер қауымы белсенділік танытып отыр.
Жастармен бірігіп университет ректоры Ғалымқайыр Мұтанов та өз дауысын беруге келді. «Бүгін Қазақстан мемлекетінің тарихында қалатын айтулы күндердің бірі. «Бүгінгі күніміз ертеңгі тарих» деп бір ғұлама айтып кеткен еді кезінде. Біздің университет мемлекетіміздің болашағын қалайтын жас мамандарды даярлап, олардың дұрыс таңдау жасауына көмектеседі. Ал бүгінгі сайлауда дұрыс таңдау жасау бүкіл қазақ еліне үлкен жауапкершілікті артады», - деді ол.
№186 сайлау учаскесінде 8 факультеттен барлығы 3180 адам дауыс беру керек, сағат 11-ге дейін оның 700-ден астамы өз таңдауын жасады. Ал №187 учаскесінде 3024 адамның үштен бірі дауыс беріп үлгерді.
«Студенттер сайлауға белсенді түрде қатысып отыр. Ауа райының жайсыздығына қарамастан көңіл-күйлері жақсы. Сайлау учаскесіне бірінші болып келген сайлаушыларды және туған күн иегерлерін құттықтап, сый-сияпат бердік», - деді №186 сайлау учаскесі комиссиясының төрағасы Есберген Алауханов.
Сайлау учаскелерінде бақылаушылар мен БАҚ өкілдері жұмыс істеуде.
ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі