Жаңалықтар

Үздік лингвист – Балжан Ақылбекова

06.04.2011

Қазақстан Республикасының тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай 2011 жылдың 5 сәуір күні әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті филология факультетінің жалпы тіл білімі кафедрасының ұйымдастыруымен дәстүрге айналған «Үздік лингвист» зияткерлік байқауы өтті.

Факультеттің 3-курс студенттерінің осы саладағы білімдерін сынап таразыға салу, жалпы студенттердің тіл білімі мамандығына деген қызығушылықтарын арттыру мақсатында ұйымдастырылып жүрген бұл шараға білім ордасының басшылары, факультет жетекшілері қатысты.

Жарыс қызу өтті. Студенттер білім қорларын көрсетіп, ұлтжанды, жан-жақты, білімді тұлға екендіктерін бірнеше тур барысында дәлелдеп бақты. Ана тілімізбен қоса, орыс, ағылшын, неміс, түрік, әзірбайжан тілдерін меңгергендіктерін паш етіп, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Бірнеше тілді меңгеру - өз тіліңді ұмыту еместігін көрсеткен болашақ мамандар рухани тұтастықты сақтауға, қазақстандық патриотизмді нығайтуға, ұлтаралық келісімді қамтамасыз етуге, мемлекеттік тілдің әлеуеті мен пәрменділігін күшейтуге өз үлестерін қосты.

12 білімді студенттің басын қосып, бағын сынаған «Үздік лингвист» байқауы қазақ жастарының білімге құлшыныстарын көрсете отыра, өз жеңімпазын анықтады. Білімі мен білігінің арқасында көзге түсіп, қатарластарынан бір қадам ілгері болған, «жеті жұрттың тілін біл, жеті түрлі білім біл» ұранын ұстанған Ақылбекова Балжан «үздік лингвист» атанса, Таубалдиев Мейрамбек өз шешендігі мен алғырлығын танытып, екінші орынды місе тұтты.

Жарыс соңында барлық қатысушылар мақтау грамоталарымен, кафедра сыйлықтарымен, ал үздік лингвист дипломмен марапатталып, оған университеттегі тілдерді дамыту бөлімінің арнайы сыйлығы және кафедра ұжымы атынан ұялы телефон тапсырылды. Сайыстың соңғы нүктесі ретінде, факультетіміздің әнұранына айналған 2-курс студенті Муталиева Әйгерімнің «ҚазҰУ жастары» деген авторлық әнін студенттер қосыла орындады.

Дәстүрге айналған аталмыш шара қазақ жастарының әлемдік айналымда бәсекеге қабілетті еңселі елдің еркін ұрпақтары екендіктерін көрсетіп, ел ертеңіне, жастардың білім қарқынына деген сенімді күшейтті.

ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі