- Негізгі бет
- Жаңалықтар
Баспа мамандарын даярлау және жұмыспен қамту мәселелері талқыланды
07.04.20116 сәуір күні әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетінде Алматы қаласы әкімдігінің және республикалық ақпарат құралдарының қолдауымен “Баспа мамандарын даярлау және жұмыспен қамтамасыз ету мәселелері” атты алқасөз өтті.
Алқасөзге «Қазақ энциклопедиясы», «Мектеп», «Білім», «Ана тілі», «Жазушы», «Жалын», «Атамұра», «Экономика» және «Көкжиек» баспаларының директорлары, республикалық газет бас редакторлары Нұртөре Жүсіп, Шәмшиддин Паттеев келсе, ҚазҰУ басшылығы тарапынан ректор аппаратының басшысы Қайрат Жүсіпов, журналистика факультетінің деканы Есберген Алауханов, ұйымдастырушы «Баспа ісі және БАҚ дизайны» кафедрасының меңгерушісі Сағатбек Медеубекұлы және кафедра ұжымы, студенттер толық қатысты.
Алқасөз барысында ең әуелі факультетте әр баспаның кітап көрмесі және саудасы, баспалардың директорлары мен газет бас редакторлары әр курс студенттеріне шеберлік сағаттарын өткізді. Сонымен қатар республикалық бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, баспагерлер, полиграфистер, кітап басу, тарату ісінің мамандары бас қосып, студенттердің жұмыспен қамту мәселесіне, теориялық білімі мен өндірістік тәжірибелерін талқылады. Баспа ісі және БАҚ дизайны кафедрасында маманданып жатқан студенттерге тәжірибелік және теориялық білім беруде өзара әріптестікті нығайтып, үнемі қарым-қатынаста, байланыста болатындығы айтылды. Бұл кафедрасында 103-студент білім алуда.
Баспагерлер, БАҚ өкілдері мен кафедра арасындағы байланысты дамыта отырып шәкірт шеберлігін арттырып, олардың болашақта өз мамандығы бойынша жұмысқа орналасуына ұйытқы болуды көздейді. Сондай-ақ, осы алқасөз аясында болашақта «Ұлттық кітап күнін» атап өтуді қолға алып, жыл сайын ҚазҰУ қалашығында республикалық деңгейде өткізіп тұруды, «Баспагерлер форумы» немесе «Баспагерлер құрылтайы», «Баспагерлер алқасы» сияқты орта қалыптастырып, өзара басқосуды дәстүрге айналдыру туралы қарар қабылданды.
«Ана тілі» баспасының директоры Жақау Дәуренбеков бүгінгі кітап шығару мен таратудағы, маман даярлау мен жұмыс барысында күнделікті кездесіп жүрген басты мәселелерін атап, қазақ кітап күйінің жағдайы нашарлығына қынжылтатынын, әсіресе, қазақ кітаптарының жәрмеңкесі өткізілмейтінін баса айтты. Алқасөзге жиналғандар қазір ақпарат таратылымында интернет рөлін де талқылап, тиімді пайдалану жолдарымен бөлісті.
Жиын соңында баспа басшылары алдағы оқу жылдарында студенттерге арнайы стипендия тағайындауды қолға алып, өндірістік тәжірибеден өтуге ешбір кедергісіз студенттерді қабылдауға дайын екендерінен бөлісті.
ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі