- Негізгі бет
- Жаңалықтар
«Ректорға сауалыңды қой!»
06.11.2008әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Ректорға сауалыңды қой!» - деген ұранмен жиырма күн бойы студенттік акция мәресіне жетті. Ректор Бақытжан Жұмағұлов мұрындық болған бұл шараның басты мақсаты - бүгінгі студенттердің ойын біліп, тың идеяларын есту және олардың көкейкесті мәселелерін шешу.
Бұл шараны ректордың студенттермен кездесуі тәмамдады. Кездесуде келіп түскен барлық сұрақтарға жауап берілді. ҚазҰУ ректоры Бақытжан Жұмағұлов үстіміздегі жылдың мамыр айында өткен кездесуде қойылған сауалдарға шолу жасап, олардың шешімін ортаға салуды жөн көрді. Университет басшылығы мен студенттер арасында болған алғаш кездесуден бері оқуға, әлеуметтік және тұрмыстық салаға қатысты көптеген мәселелер шешілді. Алғаш кездесуде студенттер ҚазҰУ қалашығындағы кинотеатр мен кір жуу бөлмесінің қайта қызмет ету, тамақтану комбинатының жұмыс уақытын ұзарту, студенттік қалашықты жарықтандыру, жатақханаларды Студенттер үйі деп атау, кредиттік технологияны енгізу, ҚазҰУ сайтын үнемі жаңартып тұруға және коррупцияның алдын алуға қатысты мәселелерді көтерген болатын. Қысқа мерзім ішінде бұл мәселелер шешімін тауып, коррупцияға байланысты жәйттер ректордың жеке бақылауында екенін көрген студенттердің қуанышында шек жоқ.
Ректордың студенттермен бұл кездесуі интерактивті режимде өтті. Ректорға студенттерден 1000 астам электронды хаттар мен телефон қоңыраулары келіп түсті. Олардың арасында оқудың кредиттік технологиясын енгізу, өндірістік тәжірибеге, дарынды спортшаларға қолдау көрсету, студенттік емхана мен әлеуметтік дүкен ашуға қатысты және т.б. сауалдар бар.
Қала студенттерінің белсенді қатысумен өткен бұл кездесу университет тарапынын қолдауды қажет ететін жаңа мәселелерді ортаға салды. Мәселен, кейбір факультеттерде асхана ашу, ҚазҰУ қалашығында арнайы әлеуметтік дукендер мен сұлулық салон ашу, оқу залдырын кеңейту және университет кітапханасының кітап қорын жаңарту. Ректорды қуантқан жәйттердің бірі - әлеуметтік және тұрмыстық мәселелермен қатар, рухани дамуға қатысты сауалдардың қойылуы. Студенттер университеттің қоғамдық-мәдени өміріне белсенді қатысуға дайын екендігін көрген ректор әрдайым қолдау көрсететінін мәлімдеді.
Бақытжан Жұмағұлов жатақханалардағы компьютерлік және тұрмыстық техника жаңадан жабдықталатынын айтты. Сонымен қатар ақылы оқитын оқу озаттары мен белсенді студенттерге оқу ақысына жеңілдіктер беру қарастырылады. Одан басқа студенттерге уақытша жұмыс істеу мүмкіндігі туып отыр. Ректор мемлекеттік емес ұйымдарды құрамын деп тиет білдірген студенттерге жәрдемін аямайтынын білдірді.
Жақын арада ҚазҰУ қалашығында WI-FI байланысын жүргізу жоспарланып отыр. Ректор уәде еткендей, ғылыммен етене айналысып, биік жетістіктерге жеткен студенттерге 50 мың теңге көлемінде сыйақы тағайындалады. Айта кетерлік жәйт, механика-математика факультетінің студенті Сұраған Дүбітхан өз мақаласының Ресейдің ғылым Академиясының жинағында жарық көргенін айтқанда, бұл шешім кездесу барысында қабылданған болатын. Сонымен қатар, ректор студенттердің бастамасын қолдау мақсатында Ө.А. Жолдасбеков атындағы үш шәкіртақыны да тағайындау жөнінде шешім қабылдады. Бұл шәкіртақы гуманитарлық, жаратылыстану ғылымдары бойынша және механика-математика факультетіне бөлінбек.
Университет тарихында тұңғыш рет үздік студенттерге Ыстық көлге 100 жолдама беріледі.
Еліміздің бас университетінің ректоры да, студенттері де осындай кездесулер барысында және жұмылып жасаған ортақ істердің нәтижесінде басты мақсатымыз - университетіміздің әлемнің үздік оқу орындарының қатарында табатындарына сенімді.
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ баспасөз қызметі