- Негізгі бет
- Жаңалықтар
ҚазҰУ-да Наурыз мейрамы тойланды
11.04.201110-сәуір күні әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Ө.Жолдасбеков атындағы Студенттер сарайының алаңында «Қош келдің, әз-Наурыз!» мейрамы тойланды. Концерттік бағдарламаны дәстүрлі түрде ҚазҰУ-дың «Фараби сазы» ұлт-аспаптар оркестрі Түркештің «Көңілашар» күйімен ашты.
Алматы қаласы әкімінің орынбасары Серік Сейдуманов, ҚР ҰҒА президенті, академик Мұрат Жұрынов, академик Төлеген Қожамқұлов және қазақ эстрадасының әншілері арнайы қонақ болды.
«Наурыз мейрамы – күн мен түн теңелетін, жақсылыққа жол бастайтын табиғи құбылыс. Бейбітшіліктің, бірлік пен тірліктің мейрамы. Жақында ғана бір ауыздан ҚР Президентін сайладық. Бұл жаңа бастаманың кезеңі деп ойлаймын. Болашағымыз жарқын болатындығына сеніміміз мол. Елбасы өркендеудің, жаңғырудың нышандарын алға тартып отыр. Ұлттық зерттеу орталығы ретінде ҚазҰУ өз кезегінде осы талаптарды орындауға атсалысып келеді», - деді ректор Ғалымқайыр Мұтанов алғы сөзінде.
Ұлыстың ұлы күнін тойлауға бүкіл университет қызметкерлері мен 3000-нан астам студент қатысты. 4 қанатты киіз үйлер тігіліп, тойдың басты дәмі «Наурыз көже» таратылды. Үлкен-кіші, кәрі-жас қосылып студенттер дайындаған концерттік бағдарламаны тамашаласа, қазақтың ұлттық киімін киген жастар алтыбақан теуіп ән айтты. Университеттің талантты жастары бар өнерлерін ортаға салып, қазақ халқының атадан балаға мұра болып қалған салт-дәстүрін еске түсірді.
9 сәуір күні мерекелік шара аясында университет кампусында “Наурыз – жаңару идеясы” атты тазалық жұмыстары жүргізілді. Студенттер мен оқытушылар, ҚазҰУ қызметкерлері бірігіп университет аумағын тазалады. «Ең таза аймақ» байқауы бойынша жүлделі бірінші орынды философия және саясаттану факультеті мен биология факультеті жеңіп алды. Екінші орынды халықаралық қатынастар мен журналистика факультеттері иемденсе, үшінші орынды тарих және география факультеттері бөлісті.
Салтанатты шарадан кейін жиылған қауым ақ қанатты киіз үйде дайындалған наурыз дастарханынан дәм татты. Қазақ халқының дәстүрлі тағамдарынан бесбармақ, бауырсақ, ет, қазы-қарта, ал сусындарынан қымыз, шұбат, шай қойылды. Аға буын өкілдері жастарға баталарын беріп, шежіреден біраз сыр тартты.
Мерекелік бағдарлама жастарға арналған би кешімен жалғасып, 3D форматындағы бейнесюжет көрсетілді. Қарашаңырақта тойланған Наурыз мейрамы отшашумен тәмамдалды.
ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі