Жаңалықтар

ҚазҰУ қалашығының дамуының жаңа жоспарын талқылау

7-қар-08

5 қарашада әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетіне америкалық Йель университеті  сәулет мектебінің жетекші мамандары Стэнли Гартска мен Дуглас Рэй, "Сapital partners" ЖШС компаниясының дамуы бойынша директоры Алистер Бартоломю жұмыс сапарымен келді.

Ректор Бақытжан Жұмағұлов Йель Басқару мектебінің тәжірибе жүргізу саласының профессоры Стэнли Гартска, Америкалық Мәдениет және Ғылым Академиясының зерттеушісі Дуглас Рэй және Алистер Бартоломюмен кездесті. Кездесуге сонымен қатар, бірінші проректор Зұлхайыр Мансұров және дамыту және құқықтық мәселелер жөніндегі проректор Нұрлан Ыбырайым қатысты.

 

 

Бұл америкалық мамандардың екінші сапары. Биылғы жылдың маусым айында Америкалық сәулетшілер институтының ғылыми қоғамдастықтың мүшесі Роберт Штерн мен «Robert A.M. Stern Architects» компаниясының іскер серігі Грант Марани алғашқы сапармен келген болатын.

Жүргізіліп отырған екіжақты келісім бойынша ректор Бақытжан Жұмағұлов университеттің бас жоспарын жаңартып, құрылыс мәселелерін талқылауды жалғастырды. Бұл мәселеге америкалық сәулетшілер шынайы қызығушылықтарын білдірді. ҚазҰУ басшысы университет кешенінің қарқынды дамуын және Қазақстандағы айрықша құрылыстың екінші кезеңінің басталғанын тілге тиек ете отырып, дәстүр мен қазіргі стильді байланыстыратын тың жаңалықтарды енгізу керектігін айтты.

Болашақ серіктестердің алдына қойылған шарттар - университет сәулетіне жаңаша қарау, соңғы технологияларды қолдана отырып, өзіндік, қайталанбас реңк қосу, университет қалашығын Алматы тұрғындары мен қонақтары үшін тартымды ету.

- Йель университеті мен әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті екі елдің  үздік жоғары оқу орындары екендігін ескерсек, біз әрдайым тек құрылыс саласында ғана емес, сонымен қатар білім және ғылым саласында өзара әріптестікке дайынбыз, - деп профессор Стэнли Гартска ықыласын білдірді.

Кездесу барысында қос ірі университеттің өзара тиімді серіктестіктің жаңа пішіндерін қарастыратын құжаттарды дайындау, университет қалашығын дамыту, жаңа бас жоспарды даярлаудағы әріптестікті жалғастыру жайлы келісім жасалды.

Ең бастысы, студенттерге оқу, демалыс және тұрмыс үшін барлық жағдайлары жасалған жылы ұя болып қалуы тиіс деп санайды университет басшылығы.

ҚазҰУ баспасөз қызметі 

(727) 247 05 67