Жаңалықтар

Өнер тарланы Асанәлі Әшімов мехматқа келді

12.04.2011

Сәуірдің 11-жұлдызында механика-математика факультеті ұжымының ұйымдастыымен факультетке КСРО халық әртісі Асанәлі Әшімов келіп, студенттермен кездесу өткізді. Кездесу «Ақпараттық жүйелер» мамандығының 2-курс оқу озаты Милана Имранованың Асанәлі өмірінің қызықты да қиын кезеңдерін суреттеумен басталды. Ол қонағы­мыздың студенттік кезеңдеріне тоқтала келе Асанәлінің жас кезінде тіл шеберлігін арттыру мақсатымен ҚазМУ-дың филология факультетінде сырттай оқығанын әңгімелеп берді.

Бұл – ел тұлғала­рының қара шаңырақ ҚазҰУ-мен байланысын аңғартса керек.

Ал 3-курс студенті Ләззат Панова халық әртісінің шығар­машылық еңбектеріне қысқаша талдау жасап, өнер жұлдызының кез-келген рөлді адамгершілік қасиетпен, өршіл мінезбен көрсете білетін шеберлігінің астарын, қайдан шыққанын, қалай дамығанын нақты мысалдармен сипаттап, өз сөздерін қонағымыздың әр кезеңде ойнаған бейнелерін слайдтармен тол­ықтыра отырып, көркем тілмен қызықты әрі тиянақты түрде айтып берді. Одан кейін 2-курс тобының старостасы Ерік Селеубаев осы кездесуге дайындалу барысында Тараз қаласын­дағы Асанәлі Әшімовтың 2008 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан мұра­жайына арнайы барғандағы әсерімен бөлісті. Асанәлінің Бекежан рөлін ойнағанда киген киімдерін, дулығасын, мұражайдағы әрбір затты көзімен көргенде алған әсерлерін мақтаныш сезімменен қонағымыздың мерейін үстем ете отырып, қызықты түрде әңгімелеп берді.

Мұнан соң Асанәлі ағамыз студенттердің көптеген сұрақтарына жауап берді. Жастар атақты режиссер Шәкен Аймановтың қандай тұлға болғанын сұрап, кешегі қазақ театрының майталмандары жайлы көптеген сауалдар қойды. Оның ішінде қазіргі қазақ киносы, театры, жас әртістері, Астанадағы өнер саласының дамуы жайлы Асекеңнің айтқан пікірлеріне жастар көңіл қойып, зор ықыласпен тыңдады. Нар тұлғаның қызықты әңгіміесіне жиі-жиі қол шапалақтап, қошемет көрсетіп отырды. Әрине, жастар Асанәлінің жас шағында махаббаттық сезімге қалай қарағаны жайлы сұрақтарды қоюды да ұмытқан жоқ.

Кездесу одан ары Асанәлі шығармашылығына арналған викторинаға ұласты. Оның өмір кезеңдері, шығармашылығы жайлы сұрақтар беріліп, оларға дұрыс, әрі дәл жауап бергендерге Асанәлі авторлығындағы кітаптар, естеліктер сыйға ұсынылды. Одан ары қонағымызға арнап студенттер дайындаған шағын концерт берілді.

Ақпараттық жүйелер мамандығының 1-курс студенті Баязит Сұлтан Асанәліге арнап шығарған жүрекжарды өлеңін оқып, оны қонағымызға сыйға тартты. Кездесуді жүргізген Таңшолпан Сабырова және Бекжан Амитов қоңыр дауыспен Асекеңе арналған ақындар жырларымен толықтырып отыруы мехмат студенттерінің тек математиканы ғана емес, сөз өнерін де қастерлей білетінін көрсетті деуге болады.

Кездесуге университетіміздің Тіл және тәрбие жұмысы жөніндегі проректоры Ш.Е.Жаманбалаева, департамент директоры Г.Ә.Сарсенбекова, кафедра меңгерушілері, ұстаздар да қатысты. Сөз соңында деканның тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары Сәуле Дәулетова келген қонақтарға алғысын жеткізіп, осындай кездесулерді болашақта да жалғасын табатындығын айтты. Студенттер Асанәлі Әшімовпен суретке түсіп, жарыса қолтаңба алып, зор ілтипатпен шығарып салды. Өз кезегінде құрметті қонағымыз жастардың өнер саласынан да хабардар екеніне ризашылық білдіріп, тәуелсіздіктің 20-жылдығын атап өткелі отырған азат еліміздің болашағының зор екеніне сенім білдірді. Жастардың оқуда да, өнерде де алдыңғы сапта жүруіне тілектес екендігін айтты.

Б.БӨРІБАЕВ,

ақпараттық жүйелер кафедрасының доценті